Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры маусым айында көрермендерге ерекше тарту әзірледі. 17, 18 және 19 маусым күндері театр сахнасында «Түс» музыкалық спектаклінің премьерасы өтеді.
Қойылымның режиссері – Венгрия астанасы Будапешт қаласынан арнайы шақырылған халықаралық деңгейдегі режиссер Сардар Тагировски. Оның шығармашылық қолтаңбасы мен тың көзқарасы Шекспир әлемін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.
Спектакльдің негізіне Уильям Шекспирдің әйгілі комедиялық туындысы алынған. Алайда сахналық нұсқада шығарма заманауи музыкалық шешімдермен, пластикалық көріністермен және символикалық образдармен толықтырылған.
Қойылымда адам тағдыры, таңдау еркіндігі, қорқыныш пен арман, шындық пен қиял тақырыптары қозғалады. «Адам өз өмірін өзі қалыптастыра ма, әлде бізге көзге көрінбейтін күштер әсер ете ме?» деген сауал спектакльдің негізгі өзегіне айналған. Ал орманда адасу арқылы үйге қайта жол табу оқиғасы өмір жолындағы сынақтар мен рухани ізденістердің көркем бейнесі ретінде ұсынылады.
Спектакльдің суретшісі – Аружан Ақмет, костюм суретшісі – Диана Магзұм. Қойылымда театрдың талантты әртістері өнер көрсетіп, көрермендерді ерекше атмосфераға бөлейді.
Театр ұжымы жаңа премьера арқылы көрермендерді арман мен шындықтың шекарасын бірге зерттеуге шақырады. «Түс» музыкалық спектаклі 17, 18 және 19 маусым күндері сағат 19:00-де сахналанады.