ПЕТРОПАВЛДА ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ Х ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ӨТЕДІ
1–6 желтоқсан аралығында Петропавл қаласында Орталық Азия елдері театрларының Х халықаралық фестивалі өтеді. Мәдени шара түрлі елдердің театр ұжымдарын бір сахнаға жинап, халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Алты күнге жоспарланған фестиваль аясында көрермендер назарына әр елдің тарихы мен мәдениетін, ұлттық болмысы мен дүниетанымын бейнелейтін сахналық қойылымдар ұсынылады. Өнер додасына қатысатын театр ұжымдары өздерінің үздік туындыларын ұсынып, көрерменге сан алуан тақырыптағы спектакльдерді тамашалауға мүмкіндік береді.
Фестиваль бағдарламасында Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының да қойылымы бар. Театр ұжымы көрермен назарына қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романы желісімен сахналанған драмасын ұсынады. Шығармадағы махаббат, адамгершілік пен тағдыр тақырыптары сахна тілімен өріліп, көрерменге ерекше әсер сыйламақ.
Халықаралық фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Өнер мерекесі 1–6 желтоқсан күндері Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрында өтеді.