Сәбең театры гастрольдік сапарға дайындалуда
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жаңа маусымдағы гастрольдік сапарына дайындалып жатыр. Қазан айының 9-ы мен 20-сы аралығында театр ұжымы Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларына аттанып, көрермен назарына бірнеше қойылым ұсынбақ.
Гастрольдік сапар барысында театр репертуарындағы «Қарапайым адам», «Түс» және «Шалқайған жыры» «Жалқаудың жыры» «Мөлдір махаббат» қойылымдары сахналанады. Әр спектакльдің өзіндік тақырыбы мен айтар ойы бар. Театр ұжымы әр қаладағы көрерменге қойылымдарды жоғары деңгейде ұсыну үшін қазір қызу дайындық үстінде.
Актерлер репетиция жасап, сахналық көріністерді пысықтап, қойылымдардың әр деталіне мән беруде. Гастроль – театр ұжымы үшін тек өнерін басқа өңірлерде таныстыру ғана емес, жаңа көрерменмен жүздесіп, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды сапар.
Ал гастрольдік іссапар аяқталғаннан кейін де театр ұжымын жаңа шығармашылық жоспарлар күтіп тұр. Қазір алдағы жобалар мен қойылымдарға қатысты жұмыстар қатар жүргізілуде. Яғни жаңа маусымда Сәбең театрының көрерменіне ұсынар жаңалығы әлі де көп.