Skip to main content

Сәбит Мұқанов театры жаңа маусымын ерекше форматта ашты

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры 28-ші шығармашылық маусымының шымылдығын ашты. Мерекелік кешке театр ұжымы, өнер саласының өкілдері мен көрермендер қатысты.

Жаңа маусымның ашылуына орай арнайы брифинг ұйымдастырылып, онда театрдың бүгінгі тынысы, сахна өнерінің дамуы және алдағы шығармашылық жоспарлары сөз болды. Биыл театр ұжымы шығармашылық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға ерекше мән бермек.

Жаңа маусым аясында театр труппасы Қостанай қаласына екі күндік гастрольдік сапармен барып, өз қойылымдарын көрермен назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Түркістан мен Шымкент қалаларына да гастроль ұйымдастыру көзделген.

Биыл Сәбит Мұқанов театры тың бастама көтеріп, еліміздің өнеріне елеулі үлес қосқан тәжірибелі театр және өнер қайраткерлерін жаңа маусымның ашылуына арнайы шақырды. Танымал өнер иелері жергілікті актерлермен бірге сахнаға шығып, көрерменге ерекше шығармашылық кеш ұсынды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Бермұхамбетова үшін бұл кештің орны бөлек. Өнер иесі жаңа маусымның ашылуында жас актриса Жұлдыз Тынысбекпен бірге сахналық үзінді орындады.

«Бүгін өзі уайымдайтын күн. Себебі, бұл сахна менің сахнам емес. Дегенмен де, әріптесім — Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, өзіміздің шәкіртіміз. Мен сол жас актриса Жұлдыз Тынысбекпен үзінді сомдаймын», — деді Айнұр Бермұхамбетова.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев театрдың бұл бастамасын жоғары бағалады. Оның айтуынша, тәжірибелі өнер иелерін шақырып, жергілікті актерлермен бір сахнада өнер көрсету — шығармашылық байланысты күшейтетін жақсы мүмкіндік.

«Биылғы Сәбең театрының жасап жатқан бастамасы бір жағынан ойландырып, екінші жағынан дәстүрге айналдыратын нәрсе. Әдетте театрлар өздері ашады, өздері жабады. Ал қонақ шақырып, коллаборация жасау керек нәрсе деп ойлаймын», — деді Сырым Қашқабаев.

Мерекелік кеш дәстүрлі қызыл кілем рәсімімен жалғасты. Театрдың актерлері, актрисалары, бишілері мен шығармашылық ұжымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қызыл кілеммен жүріп өтті.

Кеш барысында ән шырқалып, би биленіп, театр әртістері арнайы қойылымдарын ұсынды. Сахнадағы өнерпаздардың шығармашылық кеші көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Осылайша Сәбит Мұқанов театры 28-ші маусымын жаңа жоспарлармен, тың бастамалармен және шығармашылық ізденіспен бастады. Ал жаңа маусымнан көрерменнің күтері көп.