Бұл мереке – «Наурызнама» онкүндігінің бастауын білдіреді. Мемлекет басшысының бастамасымен Наурыз мейрамы жаңа форматта ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту мен дәріптеуге ерекше мән берілуде.
Қаланың басты жаяу жүргіншілер көшесінде өткен мерекелік іс-шараларға мыңнан астам адам қатысты. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды бағдарлама ұсынылды: киіз үйлер тігіліп, ақындардың өнер көрсетуі ұйымдастырылды, Наурыздың келуімен құттықтаған жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылды.
Солтүстікқазақстандықтарды мерекемен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Іс-шара Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші алдынан басталып, Тәуелсіздік стелласына дейін жалғасты. Ұлттық нақыштағы керуен ән мен жырға, ақжарма тілектерге толы болып, қала көшелеріне ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Шеру барысында қыран құстар мен қазақтың киелі аңшылық жануары – тазы иттер көпшілік назарына ұсынылып, халқымыздың саятшылық дәстүрі кеңінен насихатталды. Ұлттық киім киген театр өнерпаздары ән шырқап, қатысушылар бір-біріне «Көрісу күні құтты болсын!» деп ақжарма тілектерін жеткізді.
Дәстүр бойынша бұл күні ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне барып, амандасып, «Бір жасыңмен!» деп ізгі тілектерін білдіреді. Биыл да бұл игі дәстүр жалғасын тауып, мыңнан астам қала тұрғыны мерекелік шараларға белсене қатысты.