Бұл күн – отбасы құндылықтарын дәріптеп, татулық пен бірлікті насихаттайтын ерекше мереке. Осы ретте өмірде де, өнерде де жұптары жарасқан өнегелі отбасының бірі – Марат пен Гүлназ Ғайнуллиндер әулеті.
Бұл есімдер теріскей жұртшылығына жақсы таныс. Өнерде табысқан жұп бүгінде үш баланы тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Екеуі де Есіл ауданының тумалары, туған жердің топырағынан нәр алып, өнер жолында бірге қанат қаққан жандар.
Отағасы Марат Ғайнуллин бала кезінен спортқа жақын болып өсті. Аудандық және облыстық жарыстарда талай мәрте топ жарып, жеңімпаз атанған. Сонымен қатар өнерден де шет қалмай, түрлі байқауларға қатысып жүрген. Мектепті тәмамдаған соң Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі-не оқуға түсіп, кәсіби өнер жолын осы білім ордасынан бастайды.
Бүгінде Марат Ғайнуллин – тәжірибелі өнерпаз, талай байқаулардың жеңімпазы, көрермен көзайымына айналған талант иесі. Ол домбыраны шебер меңгеріп, 50-ден астам күйді жатқа орындайды.
«Өнер адамы жан-жақты болуы тиіс. Кез келген адаммен тіл табыса алу қажет. Өз ісіне адал болып, жауапкершілікпен қарау – басты міндет. Өнер жолында жүргеніме еш өкінбеймін», – дейді ол.
Ал Гүлназ Ғайнуллина – Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры-ның талантты актрисасы. Ол да өнердегі алғашқы қадамын дәл осы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінен бастаған. Бүгінде көптеген спектакльдерде өнер көрсетіп, түрлі жанрдағы маңызды рөлдерді сомдап, көрерменнің ықыласына бөленіп жүр.
Ғайнуллиндер әулеті – өнер мен отбасы үйлесім тапқан, бір-біріне тірек болып, шығармашылықта да, өмірде де қатар дамып келе жатқан үлгілі жанұя. Шаңырақ күні аясында мұндай отбасылар – берекелі тіршіліктің, сыйластық пен сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.