Өнердің шекарасы жоқ: «SENSITIVE» театрының жаңа премьерасы Елорда көрерменіне жол тартты
Елордадағы Astana Ballet театрында есту қабілеті нашар өнерпаздардан құралған ерекше «SENSITIVE» театрының «Ботай» этно-пластикалық спектаклінің премьерасы өтті. Театрдың 20 жылдығына арналған қойылым ежелгі Ботай мәдениетінің тарихы мен рухани мұрасын көркем пластика тілі арқылы көрерменге жеткізді.
Премьераға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, өнердің қоғамдағы әлеуметтік кедергілерді жоюдағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, шығармашылық ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қабілетін ашып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде инклюзивті орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
– Басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар әрбір азаматқа еңбекте, шығармашылықта және қоғамдық өмірде өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау, – деді Мәулен Әшімбаев.
Іс-шара барысында Палата Спикері театр ұжымын және оның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова театрдың 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, олардың инклюзивті өнерді дамытудағы еңбегіне жоғары баға берді.
Айта кетейік, Петропавл қаласында құрылған Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жанындағы «SENSITIVE» би театры бүгінде елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де танылған шығармашылық ұжымдардың біріне айналды. Ерекше театр өз қойылымдары арқылы өнердің ешқандай шектеу мен кедергіні мойындамайтынын дәлелдеп келеді.
«Ботай» спектаклі де көрерменге терең әсер қалдырып, өнердің адамды біріктіретін ерекше күш екенін тағы бір мәрте көрсетті.