Театр – рухани мәдениеттің, шығармашылық пен өнердің ордасы. Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы театр саласына да тың өзгерістер әкелуде. Осы орайда театр қызметкерлеріне арналған «Жасанды интеллектті кәсіпорын қызметінде пайдаланудың артықшылықтары» тақырыбында шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шараның спикері – генеративті жасанды интеллект зерттеушісі, ғылыми-әдістемелік білім беру орталығының негізін қалаушы Гүлсана Назарбекова. Спикер қатысушыларға жасанды интеллекттің қазіргі қоғамдағы рөлі, оның кәсіпорын жұмысындағы тиімділігі мен заманауи мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Шеберлік сағаты барысында жасанды интеллекттің тек техникалық немесе IT саласында ғана емес, мәдениет пен өнер бағытында да кеңінен қолданылып келе жатқаны айтылды. Әсіресе театр қызметінде жасанды интеллекттің маңызы артып келеді. Мәселен, афиша мен жарнамалық мәтіндер дайындау, әлеуметтік желіге арналған контент құру, сценарий идеяларын әзірлеу, көрермен талғамын талдау, бейне және фото өңдеу секілді жұмыстарда ЖИ мүмкіндіктері жиі қолданылады. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеп қана қоймай, шығармашылық жұмыстың сапасын арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар, қатысушыларға генеративті жасанды интеллект құралдарын күнделікті жұмыс барысында тиімді пайдалану жолдары көрсетілді. Спикер мәтін жазу, визуалды контент әзірлеу, аударма жасау және ақпаратты жылдам өңдеу бойынша практикалық мысалдар келтіріп, қазіргі таңда ЖИ-дің көптеген мекемелер үшін таптырмас көмекшіге айналғанын атап өтті.
Кездесу барысында театр қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері туралы пайдалы ақпарат алды. Ашық форматта өткен шеберлік сағаты қатысушылардың цифрлық технологияларға деген қызығушылығын арттырып, жаңа идеялармен бөлісуге мүмкіндік берді.
Бүгінде жасанды интеллект – болашақтың емес, бүгінгі күннің технологиясы. Сондықтан оны мәдениет және өнер саласында тиімді пайдалану уақыт талабы екені сөзсіз.


