Ұлттық домбыра күніне орай Петропавл қаласында дәстүрлі музыка фестивалі басталып, ұлттық өнерді ұлықтаған ауқымды шара ұйымдастырылды. Мерекенің басты оқиғаларының бірі – жүзден астам домбырашы қатысқан салтанатты шеру болды.

Домбырашылар қаладағы Орталық алаңнан бастап Бас алаңға дейін жүріп өтті. Қолдарына қасиетті қара домбырасын ұстаған өнерпаздар қазақтың күй өнерін дәріптеп, ұлттық рухты асқақтатты. Шеруге өңірдің мәдениет саласының өкілдерімен қатар, студенттер, жастар, ардагерлер және ұлттық өнерді қадірлейтін қала тұрғындары белсенді қатысты.
Шараға Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының шығармашылық ұжымы мен театр әртістері де қатысып, ұлттық мәдениетті насихаттауға өз үлестерін қосты. Домбыра үніне үн қосқан өнер иелері қала көшелерін күймен тербетіп, көпшілікке ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Домбырашылар шеруі ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра екенін тағы бір мәрте айқындады. Әсіресе, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен домбыраға деген құрметі ерекше байқалды.
Ұлттық домбыра күніне арналған фестиваль алдағы концерттік бағдарламалармен жалғасып, көрермендерге қазақтың күй өнері мен дәстүрлі музыкасының жауһар туындыларын ұсынды. Мұндай игі бастамалар ұлттық мәдениетті дәріптеп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге зор ықпал етеді.