Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Сабантой – Qyzyljar 2026 мерекесі аясында Татарстан Республикасы өнер шеберлерінің мерекелік концерті өтті. Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған өнер кеші көрерменге ерекше әсер сыйлап, қос халықтың рухани жақындығын тағы бір мәрте айқындады.

Концертке Татарстаннан келген танымал әншілер, музыканттар мен шығармашылық ұжымдар қатысып, ұлттық өнердің үздік үлгілерін паш етті. Ән мен күй, халық билері мен дәстүрлі шығармалар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш аясында Татарстаннан келген қолөнер шеберлері де өз туындыларын ұсынды. Қазан қаласынан арнайы келген шебер Наталья Пилюгина керамикадан жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдарын көпшілік назарына шығарып, қонақтарды татар халқының қолданбалы өнерімен таныстырды.
Мерекелік бағдарламаға қазақстандық өнерпаздар да белсене қатысты. Сахнада Абайдың әндерінен попурри орындалып, Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының бишілері қазақтың ұлттық биін биледі. Сондай-ақ Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртістері де өнер көрсетіп, театрландырылған қойылымдар мен музыкалық нөмірлер арқылы мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Кештің шарықтау шегінде Қазақстан мен Татарстанның өнерпаздары бір сахнада бас қосып, достық пен татулықты дәріптейтін шығармаларды бірге орындады. Бұл көрініс мәдениеттер үндестігі мен халықтар арасындағы өзара сыйластықтың жарқын символына айналды.
Мерекелік концерт Қазақстан мен Татарстан арасындағы тарихи әрі мәдени байланыстардың сабақтастығын айшықтап, өнердің халықтарды жақындастыратын ерекше күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.