Skip to main content

Өнер – халықтарды жақындастыратын ұлы құндылық


Болгарияның Варна қаласында өтіп жатқан «Harmony» халықаралық театр фестивалі әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдарының басын қосқан беделді мәдени алаңға айналды.
7EFE3BEB-DBEB-4FF1-949E-58BA2024E4A7
Халықтар арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтуды мақсат еткен фестивальге Норвегия, Нидерланд, Беларусь, Израиль, Қазақстан, Бельгия және Болгария мемлекеттерінің мемлекеттік әрі жекеменшік театрлары қатысып көрермен назарына ұсынуда.
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры әйгілі америкалық жазушы Эрнест Хемингуэйдің әлем әдебиетінің жауһарына айналған «Шал мен теңіз» повесін режиссер Мейрам Хабибуллиннің сахналық шешімімен көпшілікке ұсынды.
«Шал мен теңіз» – тек балықшы тағдыры туралы шығарма емес. Бұл – адам рухының беріктігі, өмір үшін күрес, үміт пен сенім, ерік-жігер мен қайсарлық туралы терең философиялық туынды. Қарт балықшы Сантьягоның теңіздегі жалғыз айқасы – әрбір адамның өмір жолындағы күресінің символы. Адам кейде жеңілгендей көрінгенімен, рухы сынбаса, ол ешқашан жеңілмейді. Қойылымның басты идеясы – «Адамды жеңуге болады, бірақ оны жою мүмкін емес» деген өмірлік ұстанымды көркем тілмен жеткізу.
Спектакль барысында актерлердің шынайы эмоциясы, психологиялық дәлдігі мен сахналық үйлесімі көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Терең философиялық ойға құрылған қойылым залдағы көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұзаққа созылған қошеметке ие болды.
Фестиваль ұйымдастырушылары театр ұжымына ризашылықтарын білдіріп, қазақ театрының кәсіби деңгейіне, актерлік шеберлігіне және сахналық мәдениетіне жоғары баға берді.

E99D624C-A7BD-497C-8D86-A6527782A583
Қойылымнан кейін халықаралық театр мамандары мен қонақтары өз пікірлерімен бөлісті. Солардың қатарында фестивальдің құрметті қонағы – Молдованың халық әртісі, Молдованың өнер қайраткері, Кишинев қаласындағы А. П. Чехов атындағы Орыс драма театрының белгілі режиссері Иосиф Филиппович Шац спектакльдің философиялық тереңдігіне, режиссерлік шешіміне және актерлердің табиғи әрі нанымды ойынына жоғары бағасын беріп, театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Осындай халықаралық өнер мерекелері халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, ұлттық мәдениеттің әлемдік кеңістіктегі беделін арттыра түседі. Қазақ театрының халықаралық сахнада жоғары бағаланып, шетелдік көрерменнің ыстық ықыласына бөленуі – барша театр ұжымы үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Өнердің тілі – ортақ. Шынайы өнердің шекарасы жоқ!Сәбең театры әлі талай биік белестерді бағындырары сөзсіз.