Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының гастрольдік сапары сәтті аяқталды. Қазан айының 9-ы мен 20-сы аралығында театр ұжымы Қызылорда, Түркістан, Шымкент және Тараз қалаларында болып, жергілікті көрерменге бірнеше қойылым ұсынды.

Гастроль барысында театр репертуарындағы «Қарапайым адам», «Түс», «Жалқаудың жыры» және «Мөлдір махаббат» спектакльдері сахналанды. Әр қойылым көрерменге өзіндік ой салып, театр өнерінің тереңдігін танытуға мүмкіндік берді. Өнер ұжымы барған қалаларында көрермендермен жүздесіп, сахнадағы шығармашылық ізденістерін ортаға салды.
Гастрольдік сапар театр ұжымы үшін тәжірибе алмасуға, жаңа көрерменмен танысуға және қазақ театр өнерін кеңінен насихаттауға жол ашты. Қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді.

Театр ұжымы сапардан аман-есен оралып, гастрольдік бағдарламаны ойдағыдай қорытындылады. Енді шығармашылық ұжымды жаңа жоспарлар мен алдағы қойылымдарға дайындық жұмыстары күтіп тұр. Сәбең театры көрерменге сапалы өнер ұсынып, ұлттық мәдениетті дәріптеу жолындағы жұмысын жалғастыра бермек.