4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұжым мүшелерінің мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыру, патриоттық құндылықтарды насихаттау және ұлттық бірегейлікті дәріптеу болды. Мерекелік жиын барысында Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының тарихы мен маңызы туралы кеңінен айтылып, олардың тәуелсіз еліміздің басты нышандары екені атап өтілді.
Шара Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Театр қызметкерлері мен өнер ұжымы ел рәміздерінің қалыптасу тарихына арналған танымдық ақпаратпен танысып, олардың қоғамдағы орны мен мәні жөнінде пікір алмасты.
Жиын барысында сөз сөйлеген театр басшылығы мемлекеттік рәміздер – егемендіктің белгісі, халықтың рухани тұтастығы мен ұлттық мақтанышының көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде рәміздердің алар орны ерекше екені айтылды.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мұндай шаралар ел тарихына құрметпен қарап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.
Театр ұжымы алдағы уақытта да мемлекеттік мерекелер мен маңызды даталар аясында тәрбиелік мәні зор іс-шараларды өткізуді жалғастырады.

