Skip to main content

«KASKALDAK» фильмі халықаралық фестивальде таныстырылды

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «IV Bishkek International Festival» халықаралық кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Әлемнің әр түкпірінен келген киногерлер мен өнер өкілдерінің басын қосқан айтулы мәдени шара кино өнеріндегі жаңа туындыларды насихаттап, шығармашылық байланыстарды нығайтуды мақсат етеді.

Биылғы фестиваль бағдарламасына Қазақстан атынан Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының шығармашылық ұжымы түсірген «KASKALDAK» көркем фильмі енгізілді. Бұл – театр тарихындағы маңызды жетістіктердің бірі әрі өңір өнерінің халықаралық деңгейде танылуына мүмкіндік беретін айтулы оқиға.

Фильмнің режиссері – Ернат Сабитов. Картинаның операторлық жұмысын Арлан Мұрат атқарған. Жобаның продюсерлері – Біржан Жалғасбаев пен Бейбітжан Шәжімбаев. Ал басты рөлді Қазақстанның танымал актері Дулыға Ақмолда сомдаған.

«KASKALDAK» фильмі ұлттық құндылықтар мен адам тағдырын арқау еткен туынды ретінде көрермен қауымның қызығушылығын тудырып отыр. Фестиваль аясында фильм халықаралық сарапшылар мен кино мамандарының назарына ұсынылып, түрлі елдердің шығармашылық өкілдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

11 маусым күні Бішкек қаласында фестиваль бағдарламасы аясында «KASKALDAK» фильмінің арнайы көрсетілімі өтеді. Бұл көрсетілім халықаралық қазылар алқасы мен киносүйер қауымға туындыны кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Халықаралық фестивальге қатысу – шығармашылық ұжым еңбегінің жоғары бағалануы ғана емес, қазақ киносы мен театр өнерін шетелдік аудиторияға танытудың маңызды қадамы. Бұл мәдени байланыстарды кеңейтіп, отандық өнердің беделін арттыруға ықпал етеді.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымына халықаралық фестивальде сәтті өнер көрсетіп, шығармашылық табыс пен жоғары жетістіктер тілейміз.

WhatsApp_Image_2026-06-10_at_10.02.39_1.jpegWhatsApp_Image_2026-06-10_at_10.02.39.jpegWhatsApp_Image_2026-06-10_at_10.04.34.jpeg