Солтүстік Қазақстан облысында театр сахнасында жаңа премьераға дайындық қызу жүріп жатыр. Қойылымды Будапешттен арнайы шақырылған режиссер Сардар Тагировски сахналауда.
Қазіргі таңда театр ұжымы күнделікті репетиция жұмыстарын жүргізіп, жаңа спектакльді көрерменге жоғары деңгейде ұсынуға дайындалуда. Режиссердің айтуынша, шығармашылық процесс қарқынды әрі нәтижелі өтіп жатыр.
Сардар Тагировски жергілікті әртістермен жұмыс істеу оңай екенін және олардың кәсіби деңгейіне жоғары баға беретінін атап өтті.
«Алғаш келген сәттен бастап театр ұжымы мені жылы қабылдады. Мұндағы актерлермен жұмыс істеу өте жеңіл, себебі олар ізденіске ашық, берілген тапсырманы тез қабылдап, шығармашылық тұрғыда еркін жұмыс істейді. Біз күн сайын қарқынды дайындық жүргізіп жатырмыз, премьераға дейін әр детальді пысықтауға тырысамыз», – деді режиссер.
Театр мамандарының айтуынша, жаңа қойылым ерекше көркемдік шешімдерімен және заманауи режиссерлік көзқарасымен ерекшеленбек. Репетициялар барысында актерлердің рөлдік бейнелері тереңдетіліп, сахналық пластика мен музыкалық сүйемелдеу де қатар дамытылуда.
Премьера алдындағы дайындық кезеңі күн сайын жалғасып, шығармашылық ұжым көрерменге сапалы туынды ұсынуды мақсат етіп отыр.



