Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Бірлік ауылында елді мекеннің 90 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мерекелік шара өтті. Тағылымды жиынға ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері, ел ағалары мен аудан, облыс көлеміндегі қонақтар қатысты. Мерекелік шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі де арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы мерейтоймен құттықтады.
Тоқсан жылдық тарихы бар Бірлік ауылының өткені мен бүгіні мерекелік бағдарлама барысында кеңінен дәріптелді. Ауылдың қалыптасу кезеңдері, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі айтылып, туған жердің тарихына құрмет көрсетілді.
Мерейтойлық шараға Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы да арнайы атсалысты. Театр әртістері Бірлік ауылының құрылу тарихына арналған арнайы пролог ұсынды. Сахналық қойылым арқылы ауылдың алғашқы қалыптасу кезеңі, елдің басынан өткен тарихи сәттер мен туған жерге деген азаматтардың еңбегі көрерменге әсерлі жеткізілді.
Театр ұжымының шығармашылық жұмысы мерекелік кештің мазмұнын толықтырып, ауыл тарихын сахна тілі арқылы қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Өткенді ұлықтап, бүгінді бағалаған бұл мерейтой Бірлік ауылының тұрғындары үшін ерекше есте қаларлық күн болды.
90 жыл — бір ауылдың ғана емес, осында өмір сүріп, еңбек еткен талай ұрпақтың ортақ тарихы. Бірлік ауылының мерейтойы туған жерге деген құрметті арттырып, ел бірлігінің маңызын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды шараға айналды.