С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арнап, “Әйелге әжім салған соғыс” атты концерттік спектакльді қойды. Оның алғашқы көрермендері соғыс және тыл ардагерлері, зейнеткерлер болды.
Қойылым сан мыңдаған адамның өмірін жалмаған сұм соғыс жайында. Мұқановтықтар біз көріп, естіген сарбаздардың қаны мен тері, атысы мен шабысы арпалысқан соғысты емес, майданның ащы дәмін татқан нәзік жандылардың Ұлы Жеңісін сахналады.
Екінші дүниежүзілік соғыста әрбір үш әйелдің екеуі жесір қалды. Ақ жаулықты аналар ұлдарын ғана емес, қыздарын да майданға аттандырды. Кәмелет жасына толмаса да, қыз балалар туған жерін, Отанын азат ету үшін қасық қандары қалғанша соғысқысы келді. Бірі қолына қару алса, екіншісі ұрыс даласынан жаралыларды арқалап шығарды. Үшіншісі құстай зымыраған ұшқыш болды, төртіншісі бесікті зеңбірекке ауыстырды. Нысананы дәл көздеген мерген болды. Өссе, елдің көркі болар талай қыздар, сәбиге өмір сыйлауы тиіс аналар өліммен бетпе-бет келді. Олар жеңісті жақындатуға тырысты.
Сахнада бейнеленген қойылымнан кешегі өткен батыр қыздарымыз мерген – Әлия Молдағұлованың, пулеметші – Мәншүк Мәметова мен ұшқыш Хиуаз Доспанованың образын көрдік. Қос бұрымдарын соғыс үшін кескен қыздардың ержүректілігі талай сарбазға үлгі болғаны тарихтан белгілі. Ұрыс алаңында “Уралап!” ерлерге қолдау көрсеткен де – қыздар. Олардың Берлинге дейін тар жол, тайғақ кешкен сәттері мен көз жасына толы күндерін театрдың сахнагерлері жақсы суреттеді.
Концерттік қойылымның режиссері – Баатырбек Шамбетов. Режиссер 70 жылда қалың шөп басқан ор мен траншеялар куә болған соғыстың тасада қалған тұсын суреттеп шықты. Оның оқиғалық желісі белгілі жазушы Светлана Алексеевичтің “У войны – не женское лицо” кітабында кескінделген ел басына күн туғанда, етігімен су кешкен қыздардың естеліктерінен құрылды. Жанкешті қыздардың тілім-тілім жүректерінің түбінде қалған соғыстың тағы бір парағы ашылды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.