Театр тарихы

68f01910 13be 4a80 9c41 b6526b7b216a medium

 

        Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры 2000-жылы режиссер О.Ақжарқын-Сәрсенбектің жетекшілігімен, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасымен ашылған.

        Қара шаңырақ алғаш құрылған жылы белгілі режиссер О.Ақжарқын-Сәрсенбек бастаған Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі тұсауын кескен жас театрға қызметке орналасады. Қара шаңырақтың ашылуы қазақтың ұлы жазушысы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына сай келгендіктен, театрға оның есімін беру туралы шешім қабылданды. Содан бері театр аз жылдар ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық қойылымдарды сахналап үлгерді. Айталық, С.Мұқановтың «Аққан жұлдызы», Т.Минуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы, М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиғасы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», А.Кирийдің «Зона немесе шибөрілері», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айы», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», Б.Мамытбековтың «Ноғайбай», А.Құнанбаевтың «Толық адам» , К.Гольдонидің «Венециялық егіздер», А.П.Чеховтің «Актерлік өлім», Н.Әбділдің «Ысқақ», Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз», С.Жүнісовтің «Елім-ай» С.Моэмнің «Ең жақсы әйел»,  А.П.Чеховтың «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы», Б.Нушичтің «Қарапайым адам», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Н.В.Гогольдің «Шинель», Н.В.Гогольдің «Жындының жазбалары»  т.б. Театрдың аз уақытта жеткен жетістіктері де аз емес.

        2001 жылы IX Республикалық театр фестивалінде М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиға» қойылымымен Гран-приді жеңіп алды. Актер Д.Садуов Республикамыздың 10 жылдық мерейтойына арналған медальмен марапатталды.

        2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің  туындыларына арналған Х Республикалық театр фестивалінде Б.Жалғасбаев пен  Н.Мағауина «ең үздік Қозы» және «ең үздік Баян» номинациясын жеңіп алды. Актер Б.Жалғасбаев Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды және сол жылы  актрисалар  Н.Мағауина  және  А.Алтыбаева  «Қазақстан Жастар сыйлығының  лауреаты» атағын алды.

        2003 жылы Каирде өткен XV Халықаралық театрлар фестивалінде «Шың басында» атты  экспериментті қойылым үздік ондық қатарынан орын еншілеп, Құрмет грамотасымен марапатталды.

        2004 жылы XII Республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың «Қуыршақ  немесе қызғаншақ қыздардың кеші» қойылымымен  қатысып, Оразәлі  Ақжарқын-Сәрсенбек  «Үздік  режиссер» номинациясын  еншіледі.

2005 жылы Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған XIII Республикалық театрлар фестиваліне Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» қойылымымен қатысып, сахнагер Е.Шүкіров «Актерлік дебют» номинациясын иеленді.

2006 жылы Б.Жалғасбаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет белгісі «Мәдениет қайраткері» атағын алды.

        2008 жылы Н.Жантуриннің 80-жылдық мерейтойына арналған XVI Республикалық театрлар фестиваліне А.Володиннің «Қос жебе» қойылымымен қатысып, 2-ші орынды еншіледі.

        2010 жылы ұлы жазушы С.Мұқановтың 110 жылдық, театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет министрлігінің бекітуімен А.Супатаева, Б.Шамбетов, М.Ақжолов, Н.Сәрсебаев, Б.Мамытбеков, Ш.Айтибаева, К.Ақжолова «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталды.

2011 жылы Театр оқу орындары мен театр жастарының 1-аймақтық эксперименталдық фестиваль-лабораториясына Т.Жүженоғлының «Тығырық» қойылымымен қатысып, үздік деп танылды.

Дәл осы жылы театр ұжымы РФ Екатеринбург қаласында өткен V халықаралық «Kolida-Plays» театрлар фестиваліне қатысып  келді.

2012 жылы І.Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне «Қыз Жібек» қойылымымен қатысып, актер Б.Жалғасбаев «Үздік ер бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды. «Ізденіс іздерімен...» атты эксперименталдық театрлар фестиваліне О.Богаевтың «Dаwn-Wаy» қойылымымен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша актерлер М.Құсайынов, Н.Сәрсебаев, М.Айтмұхамбетова фестиваль үздіктері атанды.

        2014 жылы С.Майқанованың 100 жылдығына арналған Республикалық  театр фестиваліне Софоклдың «Эдип патша» қойылымымен қатысып, актер Б.Шамбетов «Үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алды.

        2015 жылы Бішкек қаласында өткен V Халықаралық «Арт Ордо» фестиваліне Гогольдің «Ревизор» спектаклімен қатысып, «Сыншылар көзайымы» номинациясымен марапатталды. Ал театр актері Б.Шамбетов «Ең үздік Ер бейнесі» номинациясын иеленді.

        2016 жылы «Әбіш әлемі» театрлар фестивалінде Ә.Кекілбаевтің «Махаббат мұнарасы» дала балладасы «Актерлік ізденістері үшін» номинациясын иеленген.     

        2017 жылы КСРО Халық артисі, режиссер Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған «Сахнадан сәлем» V халықаралық театр фестиваліне Р.Отарбаевтың «Қасірет» психологиялық драмасымен қатысып, дипломмен марапатталды.

        2018 жылы  осы спектакльмен Румынияның Бухарест қаласында өткен «Fest in pe Bulevard» халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. Астананың 20 жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің Халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» soundrama жанрындағы қойылымымен өнер көрсетіп, «Классиканың үздік заманауи интерпретациясы» номинациясымен және Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Ал театр актрисалары Аида Супатева Мөржан рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясымен, Мадина Өсербаева Қарагөз рөлі үшін «Үміт» номинациясымен марапатталды.

        2019 жылы ІІ республикалық Рүстем Есдәулетов атындағы театр фестиваліне «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, «Үздік спектакль» бас жүлдесімен және 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды.

        Петропавл қаласында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында облыстық салтанатты жиын барысында ҚР Президентінің жарлығымен облыс әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов театр директоры Біржан Жалғасбаевты «Құрмет» орденімен марапатталды.

        Семей қаласында 20-25 қыркүйек аралығында өткен Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық фестиваліне, Б.Жақыптың «Жан дауысы» soundrama жанрындағы спектаклін ұсынып, «Үздік режиссура» номинациясымен Фархат Молдағали марапатталды.

        Қырғызстан Республикасы, Ош қаласында өткен Қырғызстан Республикасының Халық әртісі, Токтогул атындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жамал Сейдакматованың 80 жылдық мерейтойына арналған «ART-ORDO» VII Халықаралық театрлар арасындағы фестиваліне М.Әуезовтың «Қарагөз» soundrama жанрындағы спектаклімен қатысып, «Қарагөз» спектаклі үшін ІІ орын иеленсе, Қарагөз рөлін сомдаған театрдың жас дарынды актрисасы Мадина Өсербаева «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын қанжығасына байлады.

        Алматы қаласындағы «ARTиШОК» театрында 24-27 қазан аралығында өткен «Post drama wekend»-те О.Бөкейдің «Жылымық» премьерасын көрсетті.

        Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған  IV халықаралық  «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалінде М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклі «Гран При» жүлдесіне ие болды.

        Дәл осы жылы театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.

        2020 жылы мәдениет және өнер саласының қызметкерлері күнінде қойылым бөлімінің меңгерушісі Емелев Сержан ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталды.

        2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ сазды-драма театрының 25 жылдығына орай, театр ұжымы  ІІІ аймақтық театр фестиваліне  «Қарапайым адам»  комедиясымен қатысып, «Үздік ансамблі»  номинациясымен марапатталды.

        Дәл сол жылдың қазан айында Қарағанды облысында өткен, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театр фестиваліне «Толық адам» қойылымымен  қатысып, театр ұжымы Қарағанды облысы әкімінің  алғыс хатымен  марапатталды.

        2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен V халықаралық «Балауса-2022» эксперименталды спектакльдер фестивалінде Б.Нушичтің «Қарапайым адам» спектаклімен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленді.

        Алматы қаласында өткен  «Халықаралық сыншылар бірлестігінің» атынан тағайындалатын «Сыншылар жүлдесінің» марапаттау рәсімінде театрымыздың «Жындының жазбалары» қойылымы «Жылдың үздік моноспектаклі» номинациясында үздік атанды.

        Дәл осы жылы театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров Қазақстан Республикасы Президентінің қаулысымен Республика күні мерекесінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.