С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының 16-шы маусымының шымылдығы Ж.Ерғалиевтің “Жетім тағдыр” қойылымымен жабылды.
Өзінің актерлік қабілетін шыңдамайтын сахнагер тот басқан темір іспетті. Пышақтың жүзін қайрағандай, актер де шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Ал оған сахнада түрлі жанрлардағы спектакльдерді қоймай, қол жеткізуге болмайды. Өткен маусымда театрда комедия да, трагедия мен драма да сахналанды. Театр ұжымы сырттан шақырылған режиссерлермен жұмыс істеді. Сол арқылы актерлердің біліктілігі мен орындаушылық шеберлігін шыңдай түсті. Бұл маусымда театр көрермендеріне Н.Гогольдің “Ревизор”, Ж. Ерғалиевтің “Жетім тағдыр”, Р. Кунидің “№13”, Г. Хугаевтың “Қара шекпен” спектакльдерін ұсынды.
Театр шымылдығы жабылғанымен, өнер ұжымы жұмысын тоқтатпайды. Алдағы уақытта мұқановтықтар гастрольдік сапарларға шығады. Олар жыл сайын Астана қаласында өтетін “Сахнадан сәлем!” атты халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетпек. Жаздың бел ортасында театр Софоклдың “Эдип патша” спектаклімен Македонияның Стоби қаласында өтетін халықаралық театр фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр. Ал келесі 17-ші театр маусымын Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылыммен ашатын болады. Оған дайындық жұмыстары да басталып кетті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,