“Алдаркөсенің сиқырлы дүрбісі”

С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театры жыл сайынғы жаңа маусымында өз көрермендеріне жақсы тарту жасауды игі дәстүрге айналдырған. Өнер ұжымы бұл жолы да тәрбиелік мәні зор қойылымды ұсынуды жөн көріпті. Петропавлдағы №9 мектептің бастауыш сыныбында оқитын оқушылары мен “Айгөлек” балабақшасының бүлдіршіндері премьераның көрермендері болды. Алматыдағы іргелі білім ордасы – Темірбек Жүргенов атындағы өнер университетінің 5-курс студенті Фархат Молдағалиев қойған “Алдаркөсенің сиқырлы дүрбісі” атты спектаклі балдырғандар үшін керемет мерекеге айналды десек, жарасар. Спектакль кейіпкерлері мен көрермендердің арасында жылы қарым-қатынас орнады. Көрермендер де сиқырлы сахнада өтіп жатқан ертегідегі оқиғаларға белсене араласып кетті. Жас драматург Мейіржан Әлібектің тұңғыш пьесасында ауыз әдебиетіндегі кедейдің хақын жейтін байларды алдап, сазға отырғызып кететін, әрқашан әділдіктің сойылын соғатын Алдар-көсе ғана емес, қарны қампиған бай мен қарақшыдан да басқа, балаларға жақсы таныс Америкадан келген Өрмекші-адам, мультфильмдегі желдей ұшатын Маккуин, ешкімге бағынбайтын қыз – Маша тәрізді кейіпкерлер оқиғаға араласты. Осылай бұрынғы қазақ қоғамындағы жағдай мен ХХІ ғасырдағы Қазақстанның өмірі шағын сюжеттермен астасып, үйлесім тапты.

Балаларды баурап алған осы оқиғаның көрігін қыздырған Алдаркөсе сондай сүйкімді. Спектакльді тамашалау барысында Алдардың рөлін сомдаған театр әртісі Асылхан Разиевтің қабілетіне тәнті болдық.

Нұргүл ОҚАШЕВА.

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: қойылымнан көрініс.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.