Қазан айының 6 –жұлдызында Қызылжар қаласындағы облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры өзінің ХVIІ маусымын Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойына орай, Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанының негізінде жазылған «Дауылпаз баба- Қожаберген» қойылымынен ашты. Дастанның инсценировкасын жасаған аталмыш спектакльдің қоюшы режиссері әрі сол театрдың бас режиссері Б.Шамбетов пен Аманжол Зағыпар.
Жарық сөніп, сахна шымылдығы түрілді. Қалың көпшілікпен бірге тарих толқынымен жүзе отырып, ХVII ғасырға аттанып кеттік. Дастанның желісі Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен оның ордабасылық қызметі, батырлығын қамти отыра, қалмақтармен шайқасқан бабаларымыздың туған жерін қорғау жолындағы қайтпас қайсарлығын сипаттайды.
Ескі петроглифтермен салынған ат үстіндегі найза ұстаған жауынгерлер (Аманжолов, Ниязов сынды тарих зерттеушілердің пікіріне сүйене отыра) керейлердің көз таңбасы бейнеленген жалау сахнада дұрыс келтірілген деуге негіз бар. Тарихи деректерде «Керейлердің ұраны «Ошыбай!». Керейлер де орта жүздің ең ірі тайпаларының бірі. Олар туралы мәліметтер ХІІІ ғасырдағы монгол деректерінде, Рашил-ад Диннің шежіресінде және басқа де деректемелерде кездеседі» деп келтірілген. Спектакль бойы мизансцена мүлдем ауыспайды. Аталмыш спектакльдің декорациясын әлі де толықтыра түскен жөн. Сахна декорациясын ауыстыру арқылы қойылымның көпқырлылығын жасау мүмкіндігі бар. Соны жүзеге асырар болса, қойылымның көркемділігі екі еселене түсетіндігіне күмән жоқ десе де болады
Қойылымның ұтқан тұсы ─ қоюшы-режиссер Баатырбек Шамбетовтың сахналық реквизитпен образды түрде жақсы жұмыс жасай білуінде. Айталық, қалмақтар басып кіріп, Қожабергеннің қойнынан шүберекке түйілген топырақты тартып алып, бір-біріне лақтыра бастайды. Елдің шырқын бұзып, астаң-кестеңін шығарып, айрандай ұйып отырған ұлттың берекесін қашырған көрініс осы топырақпен-ақ мінсіз бейнеленгендей еді. Қожаберген батырдың екпін-екпін «Қайтар жерімді!» - деген ышқына, ызағы булыға айтқан сөздері шашылған топыраққа үндесіп қойылым реңін ашты. Сондай-ақ, орыс патшасының эпизодтық рөлін кескіндеген Айбол Қасымның кейіпкері өте сәтті шықты деп айтуға толықтай негіз бар. Алдына келген қалмақ (Асылхан Разиев) «Керейден қуып шығып, Омбы өзенін тартып алдық, Ертіске орнап халхи жатып алдық. Көк шалғын қазақ жерін қанға бояп, Сахарада ылаң салдық.!»- деген сөзіне үнсіз, ым-ишарамен темекі түтінін маңғаз будақтата шығарып тұрған орыс патшасының арам пиғылын түсіну қиынға соқпайды. Актерлік шеберлікті толықтай көрсете білу үлкен не кіші рөлге байланысты емес. Дәл осындай эпизодтық рөлдің өзі сахнадағы бас қаһарманды ойнап жүрген актерге бергісіз болуы да бек мүмкін. Қысқасы, Айбол Қасым жасаған кейіпкер- орыс патшасының дәл өзі екендігіне көзі қарақты көрермен имандай сенді. Ал басты рөлді кескіндеген актер Нұрбол Асқаровқа жүктелген міндет өте ауыр. Осы кезекте «Сенің жаттап алғаныңды білмей қалатындай етіп ойна!» деген орыс актерлік мектебінің негізін қалаған Михаил Семенович Щепкиннің сөзі ойға оралады. Ол спектакль бойы ордабасы Қожаберген, батыр Қожаберген, ақын Қожабергенге де «жан бітіруі» тиіс еді.
Актерге біршама еңбектену қажет-ақ.
Баршамызға белгігі Қожаберген баба қойылымның аты айтып тұрғандай тегін адам болмаған. Ол алдымен өзінің күрескерлігімен, қол бастаушы қабілетімен, ақынға тән төкпе мінезімен батырлығымен тарих беттерінде есте қалды. Мысалы, зерттеуші Шаймұрат Смағұлов өзінің «Атақты «Елім-айдың» авторы» деген мақаласында: «Қожаберген өз тұсында суырыпсалма ақын-әнші, күйші, әскербасы болумен қатар, белгілі емші, сынықшы, от ауызды орақ тілді шешен, қолөнерші, құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, сынықшы, ауа райын болжаушы (сәуегей), ірі қобызшы, жетігенші адам болыпты», — деп көрсетеді. Сондықтан Қожабергенді сахнаға шығару жолында біраз ізденіс таныту абзал. Және бұл «Елім-ай» дастанын сахнаға лайықтап инсценировкасын жасаған Аманжол Зағыпарға да айтылар құлаққағыс деп есептеймін. Өйткені, жырау баба осы жойқын апатты басынан өткеріп, көзімен көрді. Қиын қыстау кезеңде басынан өткен қайғы-қасірет, шер-мұңды күйші, әнші әрі ақын бабамыз «Елім-ай» жыры арқылы сыртқа шығарады. Осы орайда біз домбыра үнін естігіміз келді. Қожабергеннің шер-мұңын сезінгіміз келді.
Көрерменді бей-жай қалдырмаған көріністердің бірі - қойылымның соңғы нүктесі. Ол Қожабергеннің
Жырыма құлағың сал, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын!
Міне, осы шумақ Қожаберген жыраудың болмысын ашудағы соңғы нүкте болып есептеледі. Бұл жай сөз емес, ұранды сөз. Жоғары екпінмен айтылатын шумақтар.
Қара домалақ шарларға ақ матаны байлаған бір топ қазақ «Елім-айды» қосыла шырқап отыр... Көрермен бұл шарлардың айтпақ мағынасын іздеп тым-тырыс, тына қалыпты... Иә, талай ғасырлар бойы мың өліп, мың тірілген қайран қазағым байтақ жерін қызғыштай қорғап жеткізді-ау біздерге! Көзіңнен еркісіз жас саулап барады. Бабалар рухына бас иесің. Мұқағали айтпақшы: «Бабаларым, рахмет сендерге!»
Балжан Бекмағамбетова,
С.Мұқанов атындағы
қазақ-сазды драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі
2016ж. Республикалық «Парасат» журналында жарық көрген