Қазақ театры олжалы оралды

Биыл Ақтау қаласында тұңғыш рет өткізіліп отырған І республикалық «Әбіш әлемі» театрлар фестиваліне облысымыздағы өнер қара шаңырағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры да қатыспақ ниетте жол тартқан болатын. Театр керегесінің кең қанат жайып, шаңырағының еңсесі биік болуына талай жыл білек сыбана тер төгіп жүрген білікті режиссер, ҚР мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романының желісі бойынша «Махаббат мұнарасы» атты дала балладасының тұсауын кесіп, сахна төріне шығарды. Бұл спектаклдің тұсауы кесілер-кесілмес болып, үлкен олжалы болған жайы бар. Таяуда, Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» І республикалық театрлар фестивалінде «Актерлік ізденістері үшін» номинациясын иеленіп, 500 000 теңге көлеміндегі сыйақыға марапатқа ие болып қайтқан болатын.

 

Су жаңа туындының, соның ішінде Әбіш Кекілбаевтай заңғар қаламгердің қолтаңбасының театр репертуарына енуінің өзі үлкен жетістік екендігін айта кеткеніміз абзал. Әбіш Кекілбаевтің шығармашылығы кез келген режиссердің оң жамбасынан келетін дүние емес. Оның философиялық иірімдерінің түп тамырын дөп басып, автордың айтпақ болған негізгі идеясын алдыңғы шепке шығара білетін ойы жүйрік суреткер ғана тізгінін ұстай алатындығы ақиқат. Соның бірі де бірегейі – қазақ театрының бас режиссері Баатырбек Шамбетов. Ол театр құрылғанынан бергі уақытта актерлік қызметтен режиссерлікке түбегейлі бет бұрып, сахна төрінде талай спектакльге жан бітірді. Кез келген қойылымын алып қарасаңыз да, біріне бірі ұқсамайды. Соның ішінде «Махаббат мұнарасы» қойылымының өзі бір төбе.

 

Режиссерің спектаклді сахналау жолындағы бірталай ізденісі көңіл қуантты. Бір айта кететіні, бас режиссер спектаклді сахналап қана қоймай, дайын пьеса емес шығарманың сахналық нұсқасын (инсценировка) дайындаған. Жарты әлемді қанға бөктірген Ақсақ Темірдің Кіші Ханшасының махаббат мұнарасын тұрғызу мазмұнында өріс алатын шығармада адамзаттың фәни өмірде кездесетін небір мінез бояулары көрініс табады. Соның ішінде пенденің қызғаныш, ғашықтық, құмарлық, өкініш, ынтызарлық сезімдері кейіпкерлер болмысына ойысып, сахнада 4 актерден құралған тамаша ұжымдық ансамбль қызу шығармашылық туындыны дүниеге әкеле білді дер едік. Бұл ең алдымен, режиссердің біліктілігінде. Оның труппамен жұмыс жасау барысында, кейіпкер болмысын ашудағы актерлердің амплуасын, шығармашылық деңгейлерін анық білуі аңғарылады. Осы орайда, кейіпкерлеріне жан бітіру бақытына ие болған театрдың 4 актерінің еңбегі жемісті болды.

 

Олардың ішіндетеатр қабырғасында жас та болса бірнеше қомақты бас қаһармандар бейнесін нұсқалап жүрген актер Нұрбол Асқаровтың еншісіне әйгілі Ақсақ Темірдің кескінін кейіптеу бұйырыпты. Актер ізденіс ауылынан ауытқыған жоқ. Мейлінше, қолбасшы көсемнің мінезін айшықтау жолында бірталай тердің төгілгендігі қалың көпшілікке мәлім болып отыр. Ақсақ Темірге тән жүріс-тұрыс, қатулы қас-қабағының айтар сөзімен үйлесім тауып қимылдауы, дауысындағы зіл, ыза, реніш-өкініші аса иланымды шыққан. Жалпы, актердің рөл игерудегі айтулы еңбегі елеулі. Театр труппасындағы тағы бір жас та болса талабы бар актер Думан Адыкенов мұнара салушы шебердің бейнесін ойнайды. Бұл бейне –Думанның актерлік еңбек жолындағы күрделі рөлдерінің бірі де бірегейі деуге саяды. Үздіксіз дайындық пен рөлді тиісті деңгейде шығару жолындағы ынта-ықыласы, актердің зейін-дүниетанымы көңіл қуантады. Тәжірибе мен батылдықтың арқасында, ерік-жігердің нәтижесінде болашақтан үлкен үміт күттіретін өнерпаз екендігін айта кеткеніміз жөн. Думанның рөлге деген риясыз махаббаты мен оны сахналау жолындағы ықыласы көңілге медеу бола білді дер едік. Кіші Ханшаның рөлін ойнаған тетардың тартымды актрисасы Зарина Уәлиева өзінің кескін-кейпімен, жас әрі сұлу Ханшаға тән сүйкімді қылығымен көрерменін бірден баурап алу мүмкіндігіне ие болды.

 

Десе де, актрисаға рөл игеруде бірталай кедергілерді жеңуге тура келеді. Соның бастысы –сахна тілі. Өйткені, театр актерінің тілі неғұрлым таза әрі анық болса ғана, ол соғұрлым өнерсүйер көрерменнің есінде ұзақ тұрақтамақ. Осы орайда, жас өнерпаз Зарина Уәлиевадан үлкен үміттер күтеміз. Күтуші әйелдің бейнесін жасаған Аида Сұпатаеваның актерлік шеберлігі үздік деңгейде көрініс тапты. Оның әрбір ым-ишарасы, дауыс мәнері, жүріс-тұрысы көрерменін сендірді, елітті-егілтті. Қысқасы актриса Аида өз кейіпкеріне сахнада өмір сыйлады. Әлбетте, жоғары деңгейде жарық көрген бұл рөлі халық есінде ұзақ сақталары айтпаса да түсінікті шығар. Театр суратшісі Садыр Ниязакуновтың еңбегін елеусіз қалдыруымызға да әсте болмас. Оның қойылым жасауда қосқан үлесі айтуға тұрарлық. Тор іспетті жасалған жатын бөлме, жан-жақта шашылып жатқан алма, жоғары қарай тартылған баспалдақ – бұның барлығы спектакль бояуы мен оның негізгі идеясын аша түсті. Суретшінің сахналық безендіруі үшін қойған әр реквизиттің айтпақ ойы бар. Мысал ретінде солардың бір-екеуін келтіре кетуіміз артық болмас. Айталық, баспалдақты не үшін іліп қойды?

 

Әлбетте, бұл пенденің Құдайға қарайбарар жолы. Адамзаттың пайым-парасаты неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым Құдайға жақындай түспек. Бірақ парасаттық ең ұлысы тек Құдайға ғана тән. Торға ұқсас жатын бөлме өз сезіміне құрсауланған, өз ойына қамалған кейіпкерлердің күйін білдіреді. Аталған төрт кейіпкерлдің төртеуі де сезімнің алдында бейшара. Әлемді сұлулық қана құтқарып қалмақ. Қойылымды көрген сайын философиялық жаңалықтың жаңасы ашыла түседі.

Балжан Бекмағамбетова,
Театртанушы