Сахнада – Шәмші

Әуелі әнді тыңда, ән өлмейді,
Әнсіз тамұқ, кең болсын әлем мейлі.
Әлемді кезіп жүрген махаббат бар,
Ән соны әрқашан да дәлелдейді.
М.Мақатаев


Аспантаудан әуелеген аяулы ән! Сенің нәзік иірімге толы әрбір нотаң адам жанына осыншалық жылу сыйлар нендей құдіреті бар еді?!Тіпті, жарық Күннің жылуы да мұздаған жүректерге жалын сыйлауда сенің қасыңда дәрменсіз. Елітіп-егілтетін де, жаныңды жадыратып өмірге ғашық ететін де - сұлу ән! Айлар алмасып, жылдар жылжыса-дағы, уақыттың аласапыран кеңістігіне бағынбайтын жалғыз-ақ ән құдіреті адамзат өміріне сәуле сыйлары анық.

16 жылдық тарихы бар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ театрының сахнасында Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» сазды-драмасы сахналанды. Жас режиссер Фархат Молдағалиев әйгілі қазақ вальсі королінің өмірінен сыр шертетін туындыны дүйім жұртшылыққа паш етуді жөн көріпті. «Сыған серенадасы» Шәмші Қалдаяқовтың шоқтығы биік туындыларының бірі. Алайда бұл ән композитордың көзі тірісінде халыққа кеңінен таныла қоймаған.

Оны бертін келе Қазақстан эстрадасының әншісі Тоқтар Серіков үлкен сахнаға алып шыққан болатын. Режиссер ән құдіреті мен Шәмші тағдырын сахналау жолында актерлерге қиял көкжиектерін кең құлаш серметіп, оларға өз бейнелерін тиісті деңгейде шығаруға мол еркіндік берген. Сахнаға шыққан актерлер әдемі ансамбль құрай отыра, Шәмші Қалдаяқовтың халық жадында берік сақталған әндерін театрдың шағын симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен құйқылжыта орындады. Бұл жолы бас кейіпкердің бейнесін кескіндеген театрдың жас актері Нұржан Асылхан Шәмшінің сырлы да қиын өмірін игеру, түйсіну жолында көп еңбектенгені көрінді. Ең бастысы, актердің сахна төрінде жанды дауыста ән орындау шеберлігі көпшіліктің көңілінен шықты. Қайсыбір сәттерде әсем ән көкке әуелеген аққуларға үн қосып, жан-дүниеңе жылулық сыйлағандай. Режиссерлік шешімдерді саралай келе, Фархат қойылымды шығару жолында ең алдымен басым күшті актерлік шеберлікке салғандығын айта кеткен жөн. Бас кейіпкердің сахнада өзін-өзі еркін ұстауы, іштегі көңіл толқынысының сыртқы бейнеде көрініс табуы жолында тер төккен еңбегі еш кетпегендігі қуантты.

 

 

Нұржан- Шәмшінің Изольда қызбен кездесуіндегі сезім толқыныстары актерлік шеберлікпен көрермен жүрегінен орын алды. Изольданы кескіндеген жас талант Кәмшат Қабошева сыған қызының бойынан табылуға қажетті мінез-құлықтарды мейлінше игеріпті. Ендігі кезекте актрисаға берілген бейнені жасауда ішкі дайындық пен сахна тілін меңгеруде барынша машықтанған абзал. «Сыған серенадасы» - қатарға енді қосылған режиссердің театрда жасаған үшінші спектаклі. Бұған дейін балаларға арналған Мейіржан Әлібектің «Сиқырлы дүрбі» ертегісінің, Барзу Абдураззаковтың «Мама...» драмасының театр төрінде тұсауын кесіп, репетуар тізімін толықтырған болатын. Спектаклдің барысында халыққа кеңінен таныс Шәмші әндері шырқалады.

 

Осы орайда, театрдың концертмейстері Алмагүл Садықованың еңбегі атап өтуге тұрарлық. Актерлерден құралған хордың симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен мінсіз шырқалуына көп күш жұмсаған Алмагүл Есенқызы осылайша қойылымға қанық рең сыйлады. Театр дирижері Марат Жақыпов оркестрдің үздік деңгейде өнер көрсетуі жолындағы тынымсыз еңбегі өз жемісін берді.


Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Өнер қайраткері, белгілі режиссер, профессор Маман Байсеркеновтың шеберханасынан тәлім алған жас суреткер тынымсыз ізденіс үстінде. Сахнаның безендірілуі, жарықтың дұрыс түсуі мен спектакльдегі музыкалық композиция актерлердің кейіпкерге жан бітіруіне тікелей көмек екенін ескерсек, бұл жолы ен даланы мекен еткен сығандар табырын көз алдымызға әкелген тек қана сахнада ілулі тұрған түрлі –түсті маталар еді.

 

Бұл еркіндікті серік еткен сығандар өмірі ілулі тұрған маталардай бей-берекет шашылған тағдыры іспеттес деген тұжырымға келуіңіз ғажап емес. Сондай-ақ спектаклдің ақырғы нүктесінде айналмалы сахна іске қосылып, Шәмшінің жүрек тебірентер сазды әуенімен аяқталады. Бұл дүрбелең дәуірлердің ырқына бағынбай, небір алмағайып замандар алмасқанымен, Шәмші әнінің өміршеңдігін айғақтағандай.Осынау дөңгеленген дүниені ән ғана әлдилеп, ән ғана жұбататындай! Қойылымды көрген сайын, жаңалық аша түсесіз. Тек соны сезетін жүрек пен көкірек көздің сәулелі болғаны ғана жеткілікті...

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
әдебиет бөлімінің меңгерушісі

«Қызылжар нұры» газетінде жарық көрген