20-сәуір Петропавлда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және мәдениет қайраткері Қуандық Қасымов атындағы фестиваль өтті. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шараның басты мақсаты: қазақы өнердің дамуына елеулі үлес қосқан жерлесіміздің атын ұмыттырмау, оның есімін ұлықтау арқылы мәдениеттің дамуына үлес қосу. Фестивальда облыс аудандары мен қаланың әртістері белсенділік танытты.
Қуандық Ишанғалиұлы Қасымов өнер десе ішкен асын жерге қоятын біртуар азамат еді. 1967 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищені тәмамдаған соң, СҚО Сергеев аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Жамбыл, Қызылжар аудандарында мәдениет бөлімінің басшысы болған. Бір сөзінде «Мен өнерге домбыраны тұншықтырған сәтте келдім. Қазір домбыра сахнаның төрінен орын алды» деген екен. Облыстағы көптеген шығармашылық ұжымдардың негізін қалаған да Қуандық Ишанғалиұлы. Соның бірі 70 жылдары құрылған «Ақ бидай» қазақ ұлт аспаптар ансамблі. Ұжым 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиадада өнер көрсеткен. «Ақ бидайдың» бұрынғы мүшелері «Қуандық аға бізге басшы да, бауыр да бола білді» дейді. Оның бауыры әрі досы Уәлихан Қаражігітов «бәріміз Қуандық аға бастаған іске қосылып, оның қасында жүретінбіз. Өнерде бірге жүрген кездер ең бақытты жылдарымыз еді»,-дейді.
Қайда жүрсе де қазақы өнерді насихаттап жүретін Қуандық Ишанғалиұлы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының да дамуына үлес қосқан. Зейнет жасына шыққанша осы мәдени ошаққа басшы болды. Танымал жазушы, драматург, режиссерлармен жұмыс істей алуының арқасында театр жаңа деммен тыныс алды. Репертуар Мағжан Жұмабаев, Балуан Шолақ сынды тарихи тұлғалар жайлы спектакльдермен толықты. Аталмыш театрдың қазіргі директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуынша, Қуандық Ишанғалиұлы жаны музыкант болса да, театрда еңбек еткен 7-8 жылда нағыз театрал болып кеткен. Ол Қазақстандағы барлық театр қызметкрелері арасында ерекше құрметке ие болған.
2008 жылы театр жанынан камералық-симфониялық оркестр мен «Алуа» би тобы құрылады. Бұл идеяның басында да Қуандық Ишанғалиұлы тұрған. Уақыт өте келе би тобы 70-тен астам өнерпазы бар ансамблге айналды. Бірнеше халықаралық байқауларға қатысып, талай рет жүлдемен оралды. Көркемдік жетекшісі Жанна Темірбаеваның айтуынша, «Алуаның» ашылуы өте орынды еді. Себебі, бұл ой қазақ театрының дамуына ғана емес, талай дарынды жастардың өнердегі орнын табуға сеп болды.
Қуандық Ишанғалиұлы атындағы фестиваль өткізу оның өнер жолындағы достарының ой тастауымен қолға алынған. Ұйымдастырушылар игі дәстүрдің жалғасын табатынына сенімді. Фестивал соңында барлық қатысуышларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.