Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды – драма театры 18-ші театр маусымын жапты. Сондай-ақ, 31-мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрермендерге жаңа спектакль ұсынды. Шерхан Мұртазаның шығармасының желісімен қойылған «Әзиза» реквиемі жазықсыз жала жабылып, жиырмасыншы ғасырдың басында қуғынға ұшырағандардың әйелдері туралы.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Жазықсыз жала жабылғандардың бірі Тұрар Рысқұлов болатын. Оның істемеген ісін мойындатуды көздеген әскерилер ұлы Ескендірді де аямаған. Арыстың жалғыз ұлы да қамауға алынып, артынан қызыл жендеттердің қолынан қаза табады.
Зұлмат жылдары Тұрар Рысқұлов сынды 103 мыңнан астам қазақстандық қуғынға ұшыраса, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаға ұшыраған қайраткерлер ұлт мүддесі үшін күрессе, олардың әйелдері отбасы мүддесін сақтап, күйеулерінің ақ адал атына кір келтірмеуді мақсат еткен. Әзиза Рысқұлова, Күләнда Қожанова, Күнжамал Майлина сынды қайратты әйелдердің есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылуы тиіс.
Неге қуғынға ұшыраған қайраткерлердің өздері туралы емес, олардың әйелдері, отбасы туралы спектакль қоюды жөн санадыңыздар деген сұраққа театрдың бас режиссері Баатырбек Шамбетов былай деп жауап берлді: «Олардың зардабын көрген артында қалған жұбайлары, бала-шағасы. Көп зардап тартқан солар. Өмірлерінің соңғы күндеріне дейін маңдайындағы «халық жауы» деген дақ кетпей қойды. Күләндам Қожанова өз естелігінде «өмірімнің не болып кеткенін білмеймін. Тек балаларыммен қауыштым дегенім болмаса, қалған өмірімнің барлығы жәй кеткен секілді»,-дейді. Міне, осы кісілердің ішінде қалған қайғы-қасіретін бей-жай қарай алмадық».
Спектакльдегі басты кейіпкер Әзиза Рысқұлова. Тұрарға жабылған жазаның кесірінен өзі де, анасы да, кеше ғана туған нәрестесі де темір торға қамалған. Әзизаның бейнесі арқылы қуғын-сүргіннің зардабын шеккен барлық нәзік жандылардың тағдыры баяндалады. Оларды ешкім аяған жоқ. Арларының таза екендігін дәлелдеу жолында олар да аянып қалмады. Өмірлерінің соңына дейін күйеулерінің халық жауы еместігін дәлелдеумен болды. Себебі, түрмеден босатылса да, ел арасында тыныштық көрмеген. Маңдайларына күйедей жағылған «халық жауы» сөзінен арылу оңайға соқпады. Қойылымды өнертану кандидаты, театр сыншысы Сәния Қабиева тамашалады. «Бұл театрдың басшылығы, режиссері және труппа мүшелерінің барлығы қашан да алға ұмтылып тұрады. Көрсем, білсем, одан әрі дамысам деген жастар осы мәдени ошақта еңбек етеді. Ол туралы мен талай фестивальдарда айтып, мақалаларымда жазып жүрмін. Бүгінгі «Әзиза» спектаклі барлық көрерменнің көңілінен шықты деп сеніммен айта аламын. Жыламаған адам болмады. Тарихи оқиғаны осындай деңгейде жеткізе білген театр ұжымына алғыс білдіремін»,-дейді алматылық сыншы.
«Халық жауы» атағы тағылғандардың әрқайсысыұзақ жылдардан кейін ақталды.Бірақ, жесір қалған әйелдер мен жетім балалардың жарасы жазылмасы хақ. Мұқановтықтардың да көздегені осы – жазықсыз жала жабылғандар мен олардың отбасы мүшелерінің есімін ұмыттырмау. Тарихи оқиғаны өскелең ұрпақ арасында насихаттау.