Қазақ өнерінің өңіріміздегі қарашаңырағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының қазығы осыдан жиырма жыл бұрын қағылған еді. Мәдениет ордасының ашылуына Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, салтанатты түрде театрдың тұсауын кесті.
Жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан кез. Қарлығаштың балапандарындай қияға қанат қаққан бір топ студент Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тамамдап, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірге табан тіреді. Белгілі режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» қойылымын сахналады. Театрымыздың негізін қалаған актерлар әлі күнге дейін сол сәтті үлкен тебіреніспен еске алады. Жұмысын жаңа бастаған шығармашылық ұжым үшін Тұңғыш Президентіміздің тарапынан бұл үлкен қолдау әрі құрмет болды десек қателеспейміз. Жас болса да театр труппасы осынау кезеңде айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Мұның барлығы ұжымның ауызбіршілігі мен іскерлігінің арқасы деп ойлаймын.
Біз өнер академиясында Иісбек Әбілмәжінов, Оразхан Кенебаев сынды ұстаздардан дәріс алып, Самал Тәшімова, Гүлжан Молбаева сынды жас актерлармен 2004 жылы Қызылжарға жолдама арқылы келдік. Бұл өңір біз үшін ең шұрайлы, қасиетті мекен. Осыдан жиырма жыл бұрын желтоқсанның саршұнақ аязында Қызылжарға келген өнерпаздар бүгінде 40-тың қырқасына шығып, ел ағасы жасына аяқ басты. Өнердің айдынында жүзген кейбір актерлар өмірдің ағымымен өзге сахналарда өнер көрсетіп, белді қызмет атқаруда. Көрермен көзайымына айналған сахнагерлердің осы театрдан түлеп ұшқанын мақтан етеміз. Театрдың негізін қалаған өнерпаздардың тәлім-тәрбиесінен үлгі-өнеге алған бүгінгі аға буын әртістер, олардың ізін басқан – орта буын да көшті бұзбай, артынан ерген жас буынмен толысып келеді.
Театр – рухани азық жинап, мәдени өсуге ықпал ететін өнеге көзі, тәрбие ошағы. Жалпы елдің мәдени-рухани өмірі мемлекет тарапынан ешқашан назардан тыс қалған емес. Тәуелсіздік жылдарында театр өнеріне үлкен көңіл бөлінді. Тұрақтылық, бейбітшілік орнаған елде өнерпаздар алаңсыз өз жұмыстарымен айналысып, тамаша туындыларды жарыққа шығарды. Бірақ бұл тәуелсіздікке дейін елімізде өнер болған жоқ дегенді білдірмейді. Шетелдермен әріптестік байланыс орнатып, әлемдік сахналарда мәдениет, өнер, тіл мен руханиятымызды насихаттауға мүмкіндік берген Елбасының салиқалы саясатына өнерпаздар дән риза. Сондықтан еліміздің дамуына Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды бағдарламалар өткенімізді түгендеп, жоғалғанымызды жаңғыртуға ықпал етті. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында театр репертуары жаңа қойылымдармен толысты. Ноғайбай би Батырбекұлының (1834-1917 ж.ж. өмір сүрген) 185 жылдық мерейтойына арналған Б.Мамытбековтың пьесасы бойынша «Ноғайбай» атты спектакль сахналанды. Сондай-ақ, Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына орай жұлдыздай жарқ еткен шоқтығы биік ғалымның қысқа ғұмырынан сыр шертетін "Шоқан" тарихи қойылымы көрерменге жол тартты. Көрнекті ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған Қазақстанның халық жазушысы Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» шығармасы (пьесаның инсценировкасын жасаған Мирас Әбіл) қойылды. Тың туындыда мың жылда бір туар ғұламаның ғұмырының бір кезеңі көрсетіледі.
Алдағы уақытта қызылжарлықтарды жаңа қойылымдармен қуантып, өнер өлкесінде жаңа белестерді бағындыруды жоспарлаудамыз. Көрерменге рухани азық беру біздің басты міндетіміз.
Дәурен ТОЙБАЗАРОВ,
С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі.