Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрислам Әбділдің өлеңдері мен шағын әңгімелері республикалық басылымдар мен сайттарда жиі жарияланып тұрады. Ол – айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі, облыстық, республикалық ақындар айтысы мен мүшайралардың жүлдегері. Бүгін жас ақынның топтама өлеңдерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Көкжиек
Біздер ылғи бұрыңғыны еске алсақ,
Көз алдыңда көлбеңдейді өткен шақ.
Адам қызық бүгін аңсап өткенді,
Өзі жерде тұрады ылғи көкті аңсап.
Шіркін, құс боп кетсек дейміз қалықтап,
Жаяу жүріп табан тозып жалықсақ.
Бір жеңілдеп алсақ дейміз кей кезде,
Жайнамаздай жүрегіңді жайып сап.
Қазан ұрып қараша айы жеткенде,
Жаным тоңып жетсем деймін көктемге.
Менде ұшып кеткім келіп тұрады,
Күзде құстар жылы жаққа кеткенде...
Көк мұнарға қараңдаршы сәт бағып,
Ол жақта бар біз білмейтін патшалық.
Көшіп әне бара жатыр ақша бұлт,
Құстың бәрі сонда кетті аттанып.
Мен
Екі айналмас кешегі өткен орай,
Өзекті өртер өшпестен естен оңай.
Бос мақтанға мəз болып масаттанып,
Шүйіріппін мұрынды көкке қарай.
Жалған мақтау ең сұмдық пəле-жала,
Тойдым əбден өтінем жаралама.
Бір шындығым "енді-енді адам болып
Қалыптасып келемін жаңа ғана "
Не істедім мен? Мен өзі не істей алам?
Түйін таппас жауабын шешпей адам.
Көп көпірік, көп мақтау болған сайын,
Бір тоймайды əйтеуір мешкей аран.
Мешкейліктен араным тоймайды бір,
Өзі – өзімшіл, мақтаншыл, сондай қыңыр.
Сау басыма сақина боп жабысты,
Өзін бұлбұл санаған торғай ғұмыр...
Кешірім
Мен ғана ма әлемде,
Табиғатпен тұтас едім әуелде.
Қатпар, жақпар тастай жаңғыра алмадым
Құштар құстар әуелеткен әуенге.
Сылдырын да, сыңғырын да бұлақтың,
Сұлу қыздың күлкісіндей ұнатқым
Келгенімен,
Сезіне де, сене алмай,
Күйзелемін,
Кереңі ме құлақтың.
Аспан байқұс маған қарап жөтеліп,
Найзағайын ойнатса да от өріп.
Өзім тіреп тұрғандай-ақ көтеріп,
Сескенбеймін, кеткен бе әлде ет өліп.
Неге бетім соншалықты қап қалың?
Қарашаның ең алғашқы ақ қарын,
Кешіре көр ақ ұлпадай аппағым,
Кір-кір, лас аяғыммен таптадым.
Қарға жазған сертпен бірдей жоқ үміт,
Мейірім жоқ, сезім суық, өлі рух.
Өткен анау өмірімнен ұялам,
Қар астына қалып жатқан көміліп.
Арқамды аяз осып жатыр, күн суық.
Көктем келсе, қайта түлер тіршілік.
Қар астынан қаулап қайта жарытпас,
Менің басқан іздеріме гүл шығып.
“Маска”
Уа, театр!
менің тұңғыш, əрі соңғы ғашығым,
Ақылына жеңдіретін ашуын.
Өткенгі анау ғасырменен бір кеткен,
Ару қыздар осында əлі шашы ұзын.
Жусан исін жұпар етіп шашатын,
Мұң мен сырын айға ғана ашатын.
Сұқтанғандар сұсын көріп қашатын,
Көздіккенің көзбен мысын басатын,
Осындағы есті, етекті қыздарға,
Есі кетіп ғашық боп жүр жас ақын.
Театрға билет алам күн бұрын,
Фильмінен мезі болып үндінің.
Театрға барған күнім əйтеуір,
Басқа күннен мың есе артық бұл күнім.
Ең алдыңғы отырып ап қатарға,
Жақынырақ түрін көрем құрбының.
Тербетіле тыңдай бергім келеді,
Тамылжыған таң-тамаша құрбы үнін.
Осы үнмен үндесіп- ақ жатқандай,
Ауылдағы таңғы таза бұлбұл үн.
Кезіксем ғой дəл қазіргі кейпіңмен,
Қара асфальтқа еккендейін қыр гүлін.
Мейлі сырттай көрсемде осы бейнеңді,
Сенің болып кетер едім құлдығың.
Əйтпегенде сізбен жасты кейбір қыз,
Күндік жерден көрсетіп жүр кіндігін.
Бұл əнші қыз,
Гүл тереді қырманнан,
Əн салғанда үніне əлем ырғалған.
Тіпті оның пьесада жоқ есімі,
Аты-жөнін естімеген тыңдарман.
Ажар, Баян, Еңілік те емес ол,
Бірақ биік осы аталған қыздардан.
Ол білмейді өсек-аяң не екенін,
Көрінгеннің ұстамаған жетегін.
Өзгелердей ел аузында өсек боп,
Ер түгілі жел түрмеген етегін.
Басты рөлді сомдап жүрген қыздардан,
Сол бір қызды өмірде айна етемін.
Енді, міне, спектакль біткелі,
Екі сағат сізді ұзақ күткелі.
Сізді қойшы киім ілер апай да,
Бір сағаттай мұннан шығып кеткелі.
Əлде əлгі сахнадан көрген қыз,
Періштедей көктен түсіп кеп пе еді.
Өйткені, бұл театрдан бірде қыз,
Қос етекті көйлек киіп өтпеді.
Əдеттегі əдетімдей əл құрып,
Енді үйге кетіп барам өкпелі...
Күзге қарап
Табиғат өзертіпті тез реңін,
Жазғы күнді алмаспын қайыра сұрап.
Жыл сайын күз келгенде сезінемін,
Өмір мәңгі болмасын жайма шуақ.
Кеше қана жүр едік бала болып,
Есейіп кетіппіз-ау біздер демде,
Балконнан есіл дертім далаға ауып,
Өткенге көз саламын күз келгенде.
Тізбегіне ілесіп тырналардың,
Ауылдан алғаш сапар кештім күзде.
Көптігін бұл сапарда шырғалаңның,
Неліктен ескертпеген ешкім бізге.
Қар жауардай қабағы тіршіліктің,
Қашан көрсең тұрады бізді ұнатпай.
Қуарғаны секілді гүл, шыбықтың
Көңілім тұнжырайды күзгі бақтай.
Не аспанда, не жерде қызық қалмай,
Құстар кетіп барады бұлтқа сіңіп,
Өз еңсесін, жігерін мүжіп талмай
Жұмысына барады жұрт та асығып.
Көзбен көріп тау-тасын, терең көлін,
Жаратылыс байласа маған қанат,
Туған жерге бір барып келер едім,
Күз қиялдап отырмын саған қарап.
Жүрегімнен жарып ұшқан,
Жеткізбейтін сағыныштан,
Көшедегі сабылыстан,
Шаршадым.
Жазбағасын қауышуды,
Тағатымның тауы сынды.
“Жаным” деген дауысыңды,
Аңсадым.
Көңілімді көтерші енді
Төзімнің де бітер шегі,
Жыл өтседе күтем сені
Қанша мың.
Құлазытпай саябақты,
Жадыратшы, саялатшы,
Айтпай келші аяқ асты,
Аңсарым.
Адамдардың арасынан,
Саябақтың саясынан,
Ерке Есілдің жағасынан,
Іздедім.
Қайғым терең тамыр тартты,
Жапырақтар жауып жатты,
Жанымды әбден жабырқатты,
Күз менің.
Таңғы аязда, қатқақтарда,
Көп қарадым әппақ таңға.
Сақталғандай аппақ қарда,
Іздерің.
Мұзды жарып өскен гүлдей,
Қою бұлтты тескен күндей,
Арманымсың көксеңгірдей.
Қыз керім.
Жазғаны осы жазымыштың,
Мұңға оранған сағынышсың,
Мені саған алып ұшсын,
Жел келіп.
Желдей ұшып жетсін сөзім,
Қайда ғашық, ессіз кезім,
Жаңбыр болып төксін сезім,
Сел болып.
Күн боп шықшы қалтыратпай,
Құйындаған топырақтай,
Жел ұшырған жапырақтай,
Сенделіп.
Сарсаң болдым, сынақта сан,
Жабырқадым жұбатпасаң,
Құлазыдым қуантпасаң,
Сен келіп.
Бөленсем деп шапағатқа,
Қызықпадым атақ атқа,
Бақыт деген махаббатта,
Білерім.
Шат шадыман күлгеніңді,
Күйге түсіп күнде нұрлы,
Меніменен жүргеніңді,
Тіледім.
Тарау тағдыр жолдарын да,
Жүдеп, жадап, тоңғаның да,
Болам әркез қорғаның да,
Тірегің.
Көктем туған мекенге осы,
Құстай ұшып жетем деші.
Кеудеме кеп мекендеші,
Жүрегім.