Қазақша реңді еуропалық қойылым

 

Күллі ТМД елдерінің театр ке­ңістігінде әртүрлі жанрдағы ғажа­йып спектакль­дері­мен өзінің кәсі­билігін мойындата білген ре­жис­сер Б.Абдураззаков сахналаған “Қа­ра­пайым адам” комедиясы жай­лы аз-кем сөз қылсақ. Қойы­лым ашық сахна үлгісін ұстан­ған. Сах­нада шөп үстіне көрпеше тө­селген ағаш дөңгелекті ат арба, жал­бы­рай ілінген киім-кешектер, тамақ ішетін дала үстелі, дәл ор­тада құстың ұя салған электр ба­ға­ны және сахнаның барлық ке­ңістігін қоршаған орындықтар. Бір сөзбен айтқанда, шағын ауылдың тұр­мыс-тіршілігі көрсетілетінін аң­ғару қиын емес. Режиссердің сах­наны орын­дықтармен қоршап қоюының өзі мұндағы қайнаған өмір мен тынымсыз тір­ші­лікті же­ке қоғам ретінде қарас­тырға­нын сез­діріп тұр. Демек, бұл бәріміз кө­зі­мізбен кө­ріп, күнделікті басы­мыз­дан кешіп жатқан қо­ғамнан өз­ге ша­ғын қоғам. Қоршаулы тұрғаны­нан-ақ осындағы адамдардың тұрмысы мен тағдыры, көзқарасы мен дағ­дысы біз ойлағаннан бө­лек екенін меңзеп тұрған­дай. Электр сымы­ның бағанасына ләй­лек­тің ұя сал­ғанының өзі бүгінгі технократтық зымыраған кеңістік емес табиғат анамен біте қайнас­қан бөлек әлем екенін бірден аң­ғартады. Осы рет­те режиссермен ақыл­даса оты­рып сәтті сахналық де­корация жасал­ған қойы­лым суретшісі, Қазақ­стан суретші­лер одағының мүшесі Ға­лия Қо­жахметованың еңбегін ерек­ше атап өткеніміз жөн. Жоға­рыда атал­ған безенді­ру­лер еш боя­ма­сыз сахнадан орын та­уып, қойы­лым­ның табиғатын бір­ден ашып тұр.

Режиссер Б.Абдураззаков ав­тордың 1930 жылдары жазылған “Қарапайым адам” комедиясына ерекше үш өзгеріс енгізген. Бірін­ші: кейіпкерлердің есімін қазақ­ша­лай отырып Сербиялық (Европа­лық) үлгідегі шығармаға қазақша рең қосқан. Екінші: режиссер ав­тор­дың оқиға желісін сақтай оты­рып дэль-арте театрының эле­мен­ттеріне жақын суырыпсалма­лыққа жол берген. Соның арқа­сын­да актерлердің ша­быттанып ойнауына зор мүмкіндік туған­ды­ғы жасырын емес. Үшінші: режис­сер пьессада жоқ Зейнеп пен Ни­кола есімді қос ғашықты қосу ар­қылы комедияның қазанын тіптен қайната түскен. Аталмыш үш өз­ге­ріс автордың айтайын деген ойын тіптен ай­шық­тай түскендей. Жоға­рыда атап өткен үш қабырғалы театр формуласы енді айы­рыл­мас­тай бекіп, құламастай қалан­ға­нын байқаймыз. Неге? Өйткені бүгінгі таңда ре­жиссерлік форма алдыңғы планға шығып, ак­терлік ойын мен автордың ойы көлең­кеде қалып жатқанын көп көретіні­міз жасы­рын емес. Ал Б.Абдураз­заков автордың ойы мен актер­лер­дің шабытты шығарма­шы­лы­ғын бір арнаға қоса алғанын көріп тәнті боласың. Бүгінгі кей заман­дастары­мыз­дай өзінің мықты су­реткер, тапқыр ре­жиссер екендігін әйгілеп көрсетуге Б.Абду­разза­ков­тың шеберлігі де тәжірибесі де жететін еді. Бірақ ол ондай өзім­шіл­дікке бар­мады. Бәлкім, бұл қа­рапайымдылық­тың қауашағында жат­қан таңғажайып талант­тың же­місі болар.

Ақжан есімді жас ақын газетке саяси өлең жазғаны үшін айыпты болып, алты ай­ға түрмеге қамал­сын деген үкімге кесіле­ді. Қала­дан қашып келген ақын Досжан есімді досының үйінде аз күн аял­дауға бел бай­лайды. Досжанның әке-шешесі (Әбу, Мә­риям) мен үйдегі қонақ ең адал шенеунікке (Бе­кентай) істі болған ақын Ақ­жан­ды ескі досы әрі өздерімен бір­ге оқыған таумар­жандық сынып­тасы Төлеубай Жұматай де­ген есіммен таныстырады. Қырсық­қан­да тау­маржандық сыныптасы­ның әкесі Ба­зар­бай Жұматай үй иесі Әбу мен ең адал ше­неунік Бекентайдың айнымас досы бо­лып шығады. “Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам” демекші, осы өтірік­тері үшін күрес­кен сан түрлі көрі­ніс сахнада актерлердің ойыны арқылы неше түрлі болып құбыл­ғанын сөзбен суреттеп көрсек.

Қойылым толық бір ай бойы сах­налан­ды. Қысқа уақыттың ішін­де режиссер де, актерлер де бір күн тыным тапқан жоқ. Қысқа уақытқа қарамастан режиссер бұл қойылымды екі құраммен сахна­лап үл­гер­ді. Екі құрамда да Дос­жан­ның рөлін театр­дың талантты актері Айбол Қасым ойнады. Айболдың ойынынан сырбаздық, са­бырлылық, өжеттілікті байқай­мыз. Сең қозғалса да мыз­ғымай­тын са­бырлылығы кей сахналар­да Дос­жанға кедергі тудырып тұр­ғандай. Әсі­ресе, Ақжан екеулері­нің ойдан құраған өті­ріктері сахна ауысып, оқиға өзгерген сайын күр­деленіп, қиындаған үстіне қиын­да­ған кезде де сол рең, сол мінез­де болуы кө­рер­менге сенімсіздік ұялататын сы­ңайлы. Сон­дықтан Досжанға іш­тей өзін кеміру, сы­рын сыртқа шы­ғармай уайымдау керек-ақ. Әке­сі мен анасына тән мінез-бол­мысы тұрғы­сы­нан азда­ған ұқсастықтар іздестіре түссе кейіпкер тағдыры пісіп, әлі де жеті­лер еді. Себебі әке-шешесі алып-ұшқан адамдар, ал баласы өте бай­салды болып тұр. Түгел­дей ұқ­самаса да әредік әдеттер мен сәй­кестік іздеген артық болмас еді.

Бірінші құрамда Ақжан ролін театрдың жетекші актері Асылхан Разиев кескіндей­ді. Асылхан өте органикасы зор қуатты ак­тер бол­ғандықтан қойылымның ішкі риті­мін жылдам меңгеріп, әр сахна­сын ұршықша иіріп әкететінін бір­ден байқаймыз. Ақынға тән арис­тократтық болмысы да жоқ емес. Ыл­ғи да шабыттанып жүретін Ақжан бей­несі өз сөзінде айтатын “қарапайым адам болу қандай қиын” демекші, өзіне жарасып-ақ тұр. Әйтсе де, өтіріктері әшкере болып қа­лудан сақтанатын сақтық пен қуғын көр­ген істі адамға тән уайым жетіспейтін секілді. Әсіре­се, досы Досжанның қарындасы Ай­коға сезімін білдіретін сахнада Асылханға махаббаттан гөрі ақыл мен парасатқа иек сүйеген артық болмас еді. Ал екінші құрам­дағы талантты жас актер Дүйсехан Қа­сым­ның бойында ақындыққа тән парасат ба­сым. Комедиялық қо­йы­лымда драмалық са­рынға ба­сым­дық бергеннен бе көп сах­на­ларда қойылымның ішкі ритімін бәсең­детіп алып жатқаны да жа­сырын емес. Де­генмен, екі құрам­дағы екі актер ойынынан бір-бі­ріне мүлдем ұқсамайтын әртүр­лі Ақжанды көре алдық.

Алғашқы құрамдағы Айко рөлін театр­дың дарынды актрисасы Гүл­дана Асқаро­ва кескіндеді. Айко – алып ұшқан аңғал ма­хаббаттың иесі. Бірақ осы Әбудің шаңы­ра­ғында көркем әдебиетке, оның ішін­де поэ­зияға жаны құштар жал­ғыз адам болса ол осы Айко. Гүл­дананың кескіндеген Айкосы ро­ман­тикалық, лирикалық бояулар­ға бай болуымен ерекшеленді. Гүл­ге қонған көбе­лектей ұшып-қонған балаң сезімді бейне­сі­не кей сахналарда тікбақайлықтан өз­ге ұял­шақтық, инабаттылық жетіс­пей жатқандай. Әсіресе, Төлеу­бай болып жүрген Ақжан­мен қа­рапайым адам мен ақын тұрғы­сын­да дебатқа түсетін сәтте ішкі мә­дениетке ба­сымдық беріп, аға­сының досына әдептілік көрсетсе сезімдерінің білтесі тез тұтануға жол ашылар еді. Енді, екінші құ­рам­дағы Гүл­мира Алеттің кескін­деген Айкосына кел­сек. Жалпы Гүлмира – дауысында шығыс ха­лықтарына тән қазақы көмескі бо­яуы бар таланты актриса. Осы да­уыс мүмкіндігін тез-тез сөйлей­мін деп жоғалтып алып жат­қаны­на жа­ның ашиды. Бұл мүмкіндігін сәтті пайдалана алса Гүлмира кез кел­ген әйел бейнесіне ұлттық бояу бере алатын еді. Айко бей­несін кес­кіндерде актриса өзінің бар мүмкіндіктерін әлі аша алма­ған сы­ңай­лы. Көш жүре түзелері анық.

Әбу рөліндегі Эланар Кенже­бе­ков екі құ­рамда да нағыз ауыл адамдарына тән аң­ғал-саңғал, баладай сенгіш, ешкімге арам­ды­ғы жоқ қарапайымдылықты сәтті көрсет­ті. Әрбір сахна сайын қол­ды-аяққа тұрмай, тағаты таусы­лып, дегбірі қашып далақтап жүр­генін көріп актер ойынына еріксіз сене­сің. Екі баласы бар, ұрпа­ғы­ның алды отау құрар жасқа келіп қалған әкеге тән қимыл-қозғалыстарды салмақтандыра түссе жөн болар ма еді? Аталған мінез, бол­мыстарды сүйегіне сіңірсе де фи­зикалық тұрғыда отырып-тұруы, қозғалыс мүмкіндігі қандай болуы керектігін ескерсе, меңгерсе тіп­тен жарасып кетер еді.

Әбудің әйелі Мәриям бейнесін Құртқа Му­сина жарыққа шығарды. Нағыз үй ша­руа­сын ұршықша иірген, пысық қатын. Жал­пы Қ.Му­сина – кейіпкерлердің характерін дөп басатын актриса. Осы жолы да ол Мә­риям бейнесіндегі коме­диялық штрихтар­ды толық аша білді. Эланарға айтқандай Құрт­қаға да егделеу тартқан әйел бей­не­сі­не тән физикалық жүріс-тұрыстарды ескер­ген жөн. Сахна­ның о шетінен, бұ шетіне де­йін Зей­неп пен Айконы қуып жүгіріп жүр­ген сә­тінде, арбадан қарғып түсе­тін кезінде Құрт­қаның емес Мә­риямның жүрісі керек-ақ. Бәлкім осы тұрғыда рөлін тереңдетсе, Мә­риямның дауыс ырғағын, жүрек толқы­ны­сын әлі де аша түсетініне кәміл сенім­діміз.

Әлемдегі ең адал шенеунік Бе­кентайды екі құрамда екі актер ойнады. Бірінші құ­рам­да Дулат Тәшкен бұл кейіпкердің ко­медия­лық бет-бейнесін, ішкі жан дүние­сін сондай ширақтықпен көрсетті. Әсіресе, Со­фия ғашығынан келе­тін хатты оқитын сәтін­де болмыс-бітімін, мінез-құлқын сан түрлі түске бояйды. Актерге тән құбылу мен өзге­рудің өзіне тән шеберлігін көрсетеді. Осы бір қас-қағым сах­нада Бекентайдың ашын­ғанын, қуанғанын, күйінгенін, ашуланға­нын, елжірегенін көріп күлкің де ке­леді, жы­ла­ғың да келеді. Кей сах­наларда шабытқа беріліп кеткен­діктен болар басы артық жүріс-тұрыстар Бекентайдың танымал ше­неунік екенін ұмыттырып жібе­ре­тін сыңай­лы. Осы тұрғыда екін­ші құрамдағы Бекен­тай роліндегі Нұрбол Асқаровта салқын­қан­ды­лық басым. Бірден шенеунік еке­нін аңғартады. Бірақ осы салқын­қандылық ши­рақ комедияның ая­ғын тұсап тұрғандай. Сол үшін қас-қабақ, ым-ишараттарды ой­натса бұл Бекентай бейнесі өзін­ше бөлек боларына күмәніміз жоқ.

Қойылымның екінші тынысын ашатын кейіпкер – Таумаржаннан келген Базарбай Жұматай. Әсіре­се, Дәурен Тойбазаров кес­кін­де­ген Базарбай бейнесі шығарма­шы­лық ансамбльдің жүрісін шира­тады. Д.Тойбаза­ровтың тамыр­шы­дай тап басқан бұл бейне­сі Ба­зарбайдың өн бойындағы аңғал­дығын, принципшілдігін, сенгішті­гін, қамқорлығын дәл көрсетіп тұр. Сахнада Дәурен емес тау­мар­жандық Базарбайдың өзі жүрген­дей. Екінші құрамдағы Базарбай­ды театрдың жас та болса талант­ты актері Ислам Жақ­сылық кескін­деген. И.Жақсылықтың реңі­нен ко­медиялық типаждық көрініс тап­қан. Жұдырықтай Қаңбақ шалдың жүріс-тұры­сына, сөйлеу мәнеріне кәріліктің бояула­рын әлі де қа­лың­да­тып жақса тіптен мінсіз болар еді.

Базарбайдың жолдан қосыл­ған тоқалы, Бекентайдың хат алы­сып, уәде байласып жүрген Со­фиясын театрдың талантты ак­трисасы Жанар Насырова жарық­қа шығар­ды. София болмысына тән жаңашылдық, жасандылық, кір­пияздық, шарасыздықты Ж.На­сырова ойынынан аңғара алдық. Қа­лалық мәдениетке сай менсін­беушілік, ай­лакерлік, жалған күл­кі, сезімталдық, өтірік өкпелеу сияқты сезімдерді әлі де тереңде­те түскен жөн. Әсіресе, Бекентай мен Ба­зарбайдың ортасында әш­кере болып, ша­расыз күй кешкен сәтте біресе жылап, біре­се күліп, біресе жанып, біресе күйіп, шы­найылық пен жасандылықтың шар­пысуын көрсетсе София бей­несі тіптен іргелене түсері анық.

Базарбайдың өз әйелі Әсия бол­мысын театр актрисасы Кәм­шат Кабошева сахна­лады. Ора­малдан бір құлағын қалқитып шы­ға­рып алып, кеңірдегін кере ай­ғай­лағаны, көзін түкситіп Базар­бай­ды түтіп жердей қа­рағаны, да­уысын өктем шығарып тістене сөй­леуі бә­рі де жарасып тұр. Жылт етпе ша­ғын рөл болса да К.Кабо­шева ко­ме­диялық бояуларды дөп басқан. Ақжан кеші­рім сұраған сә­тінде де осы бұлттай түйілген қал­пы түне­руін сейілтпей Базарбай­дың бір­неше мәрте жалтақтауын кү­тіп ба­рып та­туласса сахнадағы өмір­шеңдік тіптен ір­гелене түсетін еді.

Бірінші құрамдағы Никола бей­несін Ду­ман Адыкенов сомдады. Еркекшора қызға есі кетіп ғашық болған Николаның сан түрлі құ­был­ған мінезін көрерменге ұғы­нықты әрі нанымды етіп жеткізу жо­лында Д.Адыке­новтің жауапкер­шілік танытқанын байқай­мыз. Сах­нада Зейнеп болмаса да алақ-жұ­­лақ етіп біреуді ұдайы іздеп жүру, мүм­кіндік туындай қалса Зейнеп жүрген жаққа кетіп қалуға тыры­сып тұратын тағатсыз сәттерді сезініп, әрі бізді тіптен сендіре түс­се бұдан да тамаша болар еді. Екінші құ­рамдағы Әділжан Кари­мовтың ойынында Зейнепке де­ген сезімінде шарасыздық, жал­ған ма­хаб­бат бар екені байқалып тұр­ғаны да жасы­рын емес. Әділ­жан ретінде емес Никола ре­тінде се­зіну керектігін ұғынған жөн.

Бұл қойылымда кім қарапайым адам? Ақын Ақжан қарапайым. Дос­тыққа адал Дос­жан қарапа­йым. Өмірді өлеңдегідей се­зінетін Айко қарапайым. Қонақжай Әбу мен Мәриям қарапайым. Шенеунік болса да се­зімге берілгіш Бекен­тай қарапайым. Қанша сұлу болса да баласы үшін тұрмыс құрма­ған София қарапайым. Принцип үшін уа­­қытша әке болуға көнген Базар­бай қара­пайым. Ашуы шай орамал кепкенше ғана жал­ғасатын Әсия қарапайым. Өзін Джульет­та сезі­не­тін Зейнеп те, өзін Ромео са­найтын Никола да қарапайым. Ата­ғы дар­дай болса да, автор мен ак­тер үшін өзім­шілдікке бармай­тын режиссер де қара­пайым.

Құрметті, оқырман ал сіз ше? Қарапа­йымсыз ба?

Нұрислам ӘБДІЛ,

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы.