Жерлесіміз, мәдениет қайраткері Қуандық Ишанғалиұлы Қасымовты еске алу іс-шарасы өтті. Көзі тірісінде өзі басшылық еткен бұрынғы қазақ театрының қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды. Тағылымды шараға өнер адамдары, өңірдің құрметті азаматтары, қоғам қайраткерлері мен марқұмның туған-туыстары жиналды. 
Гүл шоқтарын қою рәсімі Қуандық Қасымов еңбек еткен қасиетті өнер ордасы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ескі ғимаратында өтті. Бұл жер оның саналы ғұмырын, шығармашылық жолын арнаған қазақ театры. Келген қонақтар мемориалдық тақта алдында тағзым етіп, мәдениет жанашырының жарқын бейнесін еске алды. 
Іс-шара аясында Қуандық Ишанғалиұлының өмірбаяны мен еңбек жолына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде оның шығармашылық қызметін айғақтайтын фотосуреттер мен өнер жолындағы жетістіктеріне қысқаша шолу жасалды. 
Көрмеден кейін жиналған жұрт Қуандық Ишанғалиұлының құрметіне ұйымдастырылған «Өнерді ұлықтаудан шаршамаған» атты еске алу кешін тамашалады. Тағылымды кеш марқұмның өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен өмірлік ұстанымын айқындай түсті. Қуандық Қасымов 2006 жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына басшылық етіп, өнер ордасының шығармашылық деңгейін жаңа белеске көтерді. Кешке театрдың қазіргі директоры Біржан Нұрмаханұлы да қатысып, Қуандық Ишанғалиұлын жарқын мінезді, өнерді жан-тәнімен сүйген тұлға ретінде еске алды.
Қуандық Қасымов туғаннан ұлттық музыкаға жақын болып өсті. Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылында дүниеге келген ол жастайынан концерттерге қатысып, халық әндерін орындады. Қайда жүрсе де қазақы өнерді насихаттап жүретін Қуандық Ишанғалиұлы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының да дамуына үлес қосқан. Зейнет жасына шыққанша осы мәдени ошаққа басшы болды. Танымал жазушы, драматург, режиссерлармен жұмыс істей алуының арқасында театр жаңа деммен тыныс алды. Репертуар Мағжан Жұмабаев, Балуан Шолақ сынды тарихи тұлғалар жайлы спектакльдермен толықты. Аталмыш театрдың қазіргі директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуынша, Қуандық Ишанғалиұлы жаны музыкант болса да, театрда еңбек еткен 7-8 жылда нағыз театрал болып кеткен. Ол Қазақстандағы барлық театр қызметкрелері арасында ерекше құрметке ие болған.
Еске алу кешінде театр әртістері сахналық қойылымдар ұсынып, көрермен қауымға Қуандық Қасымовтың рухани мұрасы мен өнер жолын тағы бір мәрте танытты.


