Сахна өнері – киелі ұғым. Киелігі – шынайылықта. Шынайылығы – актердің сахнада «өмір сүре білуінде» жатыр. Театр сахнасындағы актер үшін рөл үлкенді-кішілі боп көрінбеген күні ғана оның жұлдызы жоғары жарқырамақ. Мерейі тасып, еңбегінің жемісі ақталмақ. Театр актері үшін әр рөл – бір тағдыр. Әр кейіпкер – бір әлем. Әлемді әдемі күйінде, тағдырды тағылымды етіп жеткізе білу –парыз, әрі киелі театр өнерін бағалайтын қара ормандай халық алдындағы үлкен жауапкершілік деуге болады.
Өз өмірін өнерге теліген талант таңдауына адал бола білгенімен бағалы. Маңдай терін аямауымен құрметке лайық бола алатындығы да бек ақиқат, бұлтартпас шындық. Әлбетте, бұл - өнердегі тұрақты заңдылық. Сол заңдылықтың ақ жібінен аттамаған ақмаңдай актриса өз өнерін халқына сыйлауды мақсат деп біліп, бүгіндері облыстық театрдың шырайын енгізе алған. Ол белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есмұқан Обаевтың шәкірті, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы – Самал Тәшімова.
Тұла-бойында өнерге деген шынайы іңкәрліктің самалы есіп тұратын өнерпаз әрі сахна өнеріне ғұмырын арнаған актрисаның өнерге келу жолы да сонау бала күнгі аппақ армандардың тұнық аспанынан бастау алады. Ол 1983 жылы 1 қыркүйекте Павлодар облысы, Екібастұз ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкалық драма және кино актері мамандығы бойынша курсына (ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Есмұқан Обаевтың шеберханасына) түседі.
Өнер қайраткері оны қазақтың маңдайына біткен аяулы актрисасы Сәбира Майқановаға ұқсатып, жас жеткіншекке үлкен баға берген екен. Осылайша, өнер жолын бастап кеткен актриса С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жолдамамен келіп қызметке орналасады. Өнер әлеміне енді қанат қаққан жас талант осы жылдар ішінде Қ.Қорғанұлының «Қанмен жазылған хатында»- Медбике, М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айында»- Лиза, Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашында» - Көрші, М.Задорнов «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында - Елена Владимировна, К.Гольдони «Екі қожаға бір қызметшісінде»- Смеральдина, С.Балғабаев «Ең әдемі келіншегінде»-Зухра, Т.Уйлямс «Шыны хайуанатында»- Аманда,Т.Ахтанов «Күшік күйеуінде»- Гүлжамал, Д.Исабеков «Аладдиннің сиқырлы шамында»-Зухра, Ж.Әміреев «Бірлік түбі-берекесінде» - Түлкі, Д.Исабеков «Тыныштық күзетшісінде»- Кемпір, С.Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында - Хадиша, бухгалтер, Д.Исабековтың «Балуан Шолағында» –Елизаветта, О.Әубәкіров «Қожа мен спортында» -Анасы, А.Володиннің «Қос жебесінде»-әйел, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі»-Қыз Жібек сынды бірқатар рөлдерде ойнаған.
Актер шығармашылығын көп теоретиктер екіге бөліп қарастырады. Мәселен, К.С.Станиславский «кейіпкержандылық» пен кейіпкерсынылық» десе, Д.Дидро «сезімталдылық» пен «суыққандылық» деп бөледі. Осы тұрғыдан келгенде актриса Самал Тәшімованы сезімтал актер деуге саяды. Оған дәлел ретінде, өзіміз көріп, ойынына куә болған бірнеше спектакльдердегі ойын шеберлігін таразылап көрелік. Самал Тәшімова театр режиссері, ҚР мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов қойған Г.Хугаевтың «Қара шекпен» притчасында – Сылаң рөлімен театрсүйер қауымға етене таныс.
Бұл - аллегориялық сипаттағы жеңіл әрі ойнақы бейне. Спектакльді көркем етуде аталмыш кейіпкердің алатын орны үлкен. Сылаңның жарқын шыққан жалған күлкісі рөл ерекшелігін бірден айғақтап, кейіпкер мінезін дөп басты. Тәшімованың таланты бұл қойылымға қанық бояу сыйлап, актерлік ансамбльді жандандыра түсті десек артық айтқандық болмас. Осы рөліне үндесетін, үйлесетін Ж.Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» драмасындағы - Райбектің әйелін де келтіруге болады. Бұл бейнеде де Сылаңға тән мінез мол. Әлсізге әлімжеттік, мықтыға мадақ айтқыш Сылаң сынды сипат басым. Пьесаға бүгінгі күннің әлеуметтік қайшылықтары мен екі жастың шынайы махаббаты және бақытқа жетер жолдағы күресі арқау болғандығы белгілі. Ал бұл драмадағы оның күйеуі Райбек кім?
Салтанаты жарасқан ортаның белді өкілі. Қу дүниенің қызығына шомыламын деп жүріп, адами құндылықтардан едәуір алыстап кеткен кейіпкер. Құда болмақ ниетпен келген Райбек райынан қайтпақ емес. Әйелінің сиқы да – сол. Тағы да күлкі. Дарақы күлкі. Кекесінге толы күлкі. Эпизодтық рөл болғанымен, спектакльдің қабырғасын қалауда аталмыш кейіпкердің қатысуы маңызға ие. Самал Тәшімова «Сылаңды» да, «Райбектің әйелі- Тамараны» да саханға алып шыққан беттен актерлік болмысына тән ашық дауыс, қайсыбір тұста импровизация еркіндігімен көсіле ойнайды. Актрисаның осы бейнелерін бағамдап отырып, Режиссер М.Байсеркеновтың: «Сахналық еркіндік – актердің сахна алаңындағы қалыпты көңіл күйінің қайнаған тас қайнары десек, сол көзден бұрқылдап аққан қос бұлақтай болып, ішкі және сыртқы еркіндік заңдылықтары арнаға ағызады» деген тұжырымдамасы еске түседі. Расында, Тәшімова аталған екі кейіпкерді кескіндей жүріп өзін сахнада еркін ұстайды. Бастысы, көрерменін қойылымдағы өміріне иландырады.
Актердің жетістігі де- осымен өлшенбек. Ол әр қилы диапазоны кең суреткер. А.Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясындағы Дзерассаның орны бір төбе. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Әлімбек Оразбеков сахналаған аталмыш комедиядағы Дзерасса актриса Самалды өзгеше қырдан көрсетті. Сахнадағы рөлдеріне қарап қайсыбір көрермен қауымға оның болмысы батыл, өжет болып көрінуі мүмкін. Шындығында, Тәшімованың табиғаты өте жұмсақ. Бұл оның Дзерасса байнесінде айқын көріс тапты десек, қателеспейміз. Қойылым барысындағы оның жүріс-тұрысы, қас-қабағы, дауыс мәнері ішкі жан-дүниесімен үйлесіп шынайы көркем бейнеде жарқырады. Бір айта кететіні, премьера аяқталған тұста актриса Самал өз рөліне жан-дүниесімен кіріп кеткені соншалық, біраз уақытқа дейін ішкі толқынысы басылмады. Көрермен тарапынан соғылып жатқан сансыз қошеметтеріне әбден лайық актрисаның кезекті рөлі ғұмырлы боларына шүбәміз жоқ. Ал Н.Гогольдің әйгілі «Ревизор» комедиясындағы – Анна Андреевнаның бейнесі халық жүрегінен орын алып үлгерген қомақты рөлдердің қатарында. Ревизор – классика екенін ескерсек, оны Тәжікстанның белгілі режиссері Б.Абдураззаков абыроймен сахналап, театрға бірталай табыс сыйлады. Ол Халықаралық фестивальден гран –при иеленіп, сахнаның құтты қойылымына айналды. Самал Анна Андреевнаның негізгі мінезін иеруде тағы жаңылысқан жоқ.
Ревизор спектакліндегі Анна Андреевна – Дуанбасының жастық желігі басыла қоймаған ерке әйелі. Оған қоса, баршылықтың, молшылықтың үстінде өмір сүріп жатқан жан. Бір жағынан байларға тән мәдениеті бар деп бағамдасақ, екінші жағынан оның даңқұмарлығы кей тұстарда еріксіз қылаң беріп қалады. Әсіресе, ерінің үстінен әмір жүргізуді жаны сүйетін қылығы көзге ұрады. Оның үстіне, актриса Самал Анна Андреевнаны шектен тыс шыдамсыз етіп бейнелейді. Оған мейлінше шыдамсыз мінез берген сайын, рөл соншалық езуге күлкі үйіре білді.
Бұл-Тәшімованың сахнада көрсеткен кезекті шеберлігінің бірі деуге саяды. Актрисаның әншілік өнерін айтпай кету біздің тарапымыздан өрескел ағаттық болар еді. Талай концерттің шырайын енгізіп, құйқылжыта салған әсем әндерін халық зор қошеметпен, ыстық ілтипатпен қабылдап жүрген жайы бар. Самал Тәшімованың репертуар таңдаудағы талғампаздығына да сүйсінуге болады.
Жеңіл әуендердің мәнсіз мәтініне құмартпай, халық әндерін орындағанды құп көреді. Жаймашуақ мінезі қоршаған ортасына сәуле шашып, әріптестерінің алдында сыйлы болса, көрерменінің бүгін көзайымына айналып отыр. Актерлік – сан қырлы өнер екендігі хақ. Осы бір әпбебап мамандықтың қыр-сырын меңгеру жолында актрисаның маңдай тері аз төгілмеді. Жасыды, жігерленді, ізденіс жолында сан рет қия басты, қайта жарқырады. Әлі де ізденіс ауылын жағалайды. Жаңалыққа құмартады. Өйткені, ол үшін өнер ізденуден тұратындығымен бағалы. Ендеше, өнеріңіз ғұмырлы болғай!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
С.Мұқанов атындағы қазақ
сазды-драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі
«Қазақстан әйелдері», «Театр кз», «Қызылжар нұры» газет – журналдарынада жарық көрген